Жаңалықтар

Бүкіл қонақүйді жалға алған: «Реал Мадрид» InterContinental Almaty-ға орналасты

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

29 қыркүйекке қараған түні «Реал Мадрид» футбол командасының ойыншылары Алматыға келді. Футболшылар шаһардың орталығындағы бесжұлдызды InterContinental Almaty қонақүйіне орналасты. Клуб қонақүйді екі күнге толық жалға алған.

Қазір қонақүйден онлайн-сервис немесе телефон арқылы бөлме брондау мүмкін емес. Тек 1 қазаннан кейін ғана бөлме жалдауға болады.

15 қабатты қонақүйде жалпы 277 нөмір бар, InterContinental Almaty нөмір қоры түрлі санаттан тұрады: классик, люкс, және «Pasha» және «Sultan» сынды президенттік люкс бөлмелер.

Бағалары бөлме түріне қарай өзгереді:

  • классикалық санаттағы бөлмелер – бір түнге 141-175 мың теңге;
  • люкс санатындағы бөлмелерінің бағасы 235-295 мың теңге;
  • президенттік апартаменттер құны 951 мың теңгеден басталады.

Қонақүйдің артықшылықтарының бірі – Орталық стадионға жақын орналасқан. Сонымен қатар қонақүйдің қауіпсіздікті қамтамасыз етуі жоғары. Мұнда бөлек кіреберіс, жабық қабаттар және жеке күзеті бар.

Аталмыш қонақүй алғашында «Анкара» деп аталған және Қазақстандағы алғашқы бесжұлдызды қонақүйлердің бірі болды.

Жыл соңына дейін мемлекет өзінің 47,32% үлесін сатуды жоспарлап отыр. Бұл үлеске иелік ететін «Айт-Отель» акционерлік қоғамына қазіргі таңда InterContinental Almaty тиесілі.

2006 жылы отель франчайзинг шартына қол қойып, 2019 жылы «Айт-Отель» АҚ-ның 15 363 166 акциясы (47,32%) Қазақстанның меншігіне өтті. Акционер республикалық бюджет алдындағы 21 млрд теңгеден асатын қарызын өтеу үшін өз үлесінің бір бөлігін мемлекетке тапсырған. Қазіргі кезде Egov мәліметінше, «Айт-Отельдің» тоғыз иесі бар.

«Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы ойын Алматының Орталық стадионында 30 қыркүйек 21:45-те басталады.