Бұрынғы вице-премьермен байланысы бар инвестқор 61 млн теңге дивиденд төлейді

Жарияланды
Business News бөлімінің аға тілшісі
Business News бөлімінің редакторы
Фото: 2gis.kz, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

«Сайхан» жылжымайтын мүлік инвестициялық қорының директорлар кеңесі 2025 жылдың бірінші тоқсаны үшін 61,2 млн теңге дивиденд төлеуді ұсынды. Бұл қаражат әрбір қарапайым акцияға 180 теңгеден есептеліп бөлінеді. Бұл қордың түпкі иесінің бірі – бұрынғы вице-премьер Сауат Мыңбаев.

Сондай-ақ, акционерлердің кезектен тыс жиналысы 2025 жылдың 13 қазанына белгіленді. Жиналыста қордың бірінші тоқсанға арналған қаржы есебі де қаралады.

«Сайхан» қоры Алматы қаласының Медеу ауданында тіркелген. Қор жылжымайтын мүлік пен басқа да активтерге инвестиция жасайды. Оның инвестициялық портфелін 2022 жылы Ұлттық банктен лицензия алған UD Capital компаниясы басқарады. 2024 жылдың соңында қордың 75%-ы «ПОЗИТИВ Консалтинг» ЖШС-іне тиесілі болды.

Бұл компанияның құрылтайшылары – Нұржан Бекшенов пен Василий Симачев. Қалған 25%-ы «AQPAN ASSET» ЖШС-іне қарады, оның иелері арасында «КСК» ЖШС (Сауат Мыңбаевқа тиесілі) мен Дамир Мыңбаев бар. Осылайша, қордың негізгі акционерлері – Нұржан Бекшенов, Василий Симачев, Салауат Калиев және Сауат Мыңбаев. Қордың жарғылық капиталы 2024 жылдың соңында 340 млн теңгені құрады.

2024 жылы қордың бөлінбеген пайдасы 579,1 млн теңгеге жетті, бұл бір жыл бұрынғыдан 59 млн теңгеге артық. Жылдық таза пайда 273,9 млн теңгені құрап, 2023 жылғы 232,5 млн теңгеден жоғары болды. Бір акцияға шаққандағы пайда 805,55 теңгені құрады (2023 жылы – 683,71 теңге). Өткен жылы қор үш рет дивиденд төледі: қаңтарда – 74,1 млн теңге, мамырда – 81,6 млн теңге, қазанда – 59,2 млн теңге.

Қордың негізгі активтері Алматыдағы Гоголь көшесінде орналасқан 12 қабатты және 3 қабатты ғимараттар, олардың жер телімдері мен трансформаторлық қосалқы станциядан тұрады.

Қордың акционерлерінің бірі Сауат Мыңбаев әр жылдары мемлекеттік басқаруда және ұлттық компанияларда түрлі жоғары лауазым атқарды. Ол 1998 жылы Қаржы министрі болып тағайындалды, кейін Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болды. 1999–2001 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігін басқарды. Одан кейін «Қазақстан даму банкіне» және «Каспий өнеркәсіптік-қаржылық тобына» жетекшілік етті.

2003 жылы вице-премьер, ал 2004 жылы вице-премьер әрі Индустрия және сауда министрі болды. 2006 жылы «Самрук» холдингін, 2007 жылы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігін басқарды. 2010 жылы Мұнай және газ министрі болып тағайындалды. 2013 жылы «ҚазМұнайГазды», ал 2018 жылы «Қазақстан темір жолын» басқарды. Бұл қызметтен кеткен соң мемлекеттік лауазымдарға қайта оралған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз