
Жаңа Салық кодексі күшіне енген соң, арнайы салық режимдерінің қатары қысқарады Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жаңа режим енгізілсе, шағын және орта бизнеске жеңілдетілген шарттар жасалады. Ал аграрлық сектордағы бұрынғы жеңілдіктер сақталады. Салық кодексіндегі өзгерістерді Мемлекетттік кірістер комитеті түсіндіреді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті болмайды. Олар табыс салығынан толық босатылады, тек табысының 4%-ын әлеуметтік төлемдер ретінде аударады. Барлық міндеттемелерді арнайы мобильді қосымша арқылы орындауға болады, ал интернет-платформалардан табыс тапқан жағдайда төлемдерді ұстау мен аударуды платформа операторларының өздері жүргізеді.
Шағын және орта бизнес үшін де шарттар жеңілдетілмек. Енді оңайлатылған декларация негізіндегі режимді пайдалану кезінде жылдық табыс шегі 2,5 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Қызметкерлер санына шектеу қойылмайды.
Бірыңғай салық мөлшерлемесі 4% болып белгіленеді, бірақ жергілікті мәслихаттарға оны 2%-ға көтеру немесе төмендету құқығы беріледі. Бұған қоса, кәсіпкерлер қосылған құн салығы мен әлеуметтік салықтан босатылады, есептілікті жылына екі рет тапсыру жеткілікті.
Аграрлық секторда да жеңілдіктер сақталады. Бірыңғай жер салығы жойылғанымен, шаруа және фермер қожалықтары бұрынғы шарттармен жұмыс істейді және сол мөлшерлемелер бойынша жеке табыс салығын төлейді.
Сондай-ақ жеке салықтар бойынша 70% жеңілдігі бар субъектілер үшін бұл артықшылықтар жалпыға ортақ тәртіпте сақталатын болды.
26 қыркүйекте Ұлттық экономика министрлігі арнайы салық режимін қолданушылар тізімін талқылауға шығарды. 1111 кәсіп түрінің 795-і салық жеңілдігін пайдалана алмайды.