Желілік маркетинг: алаяқтарға алданып қалмаудың жолы қандай?

Жарияланды
Алаяқтарға алданып қалмаудың 5 жолы / Фото: Shuttertsock

Желілік маркетинг (ағылшын тілінен MLM – multi-level marketing) бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да дамыған кәсіп түру. Мұндай компаниялар жоғары табыс табасыз, жұмыс кестесі ыңғайлы, «өз-өзіңе жұмыс істеу» мүмкіндігі мен халықаралық құрылымда мансаптық өсу мүмкіндігін уәде етеді. Көпшілік үшін бұл таптырмас жұмыс: аз ғана қаражат салып, көп ақша табуға болатындай көрінеді.

Алайда желілік маркетингтің бәрі бірдей оңай жұмыс емес. Біреулер оны тауар мен қызмет сатуға негізделген нақты бизнес-модель деп санаса, енді біреулер қаржылық пирамидалардың баламаса деп есептейді. Қай жерде адал бизнес аяқталып, қай жерде алдау басталатынын түсіну үшін мұны егжей-тегжейлі қарастыру қажет.

Желілік маркетинг пен пирамиданың айырмашылығы

Негізгі айырмашылық – нақты өнімнің болуы. Адал желілік маркетинг тауарды немесе қызметті сатуға негізделеді: косметика, дәрі мен дәрумендер, тұрмыстық техника, білім беру курстары. Қатысушылар өнім айналымынан және дистрибьюторлар желісін құрудан табыс табады.

Ал пирамида тек жаңа салымшылардың есебінен өмір сүреді. Мұнда шынайы өнім болмайды немесе халықты алдау үшін болмайтын затты қымбат баға ұсынады. Кірісті ертерек кіргендер алады, ал кейін кіргендердің көбі түксіз қалады, салған ақшасын да шығарып ала алмайды.

Сарапшылардың айтуынша: егер компания басты назарды тауарға емес, жаңа адамдарды тартуға аударса – ол пирамида болуы әбден мүмкін.

Желілік маркетингтегі алаяқтықтың негізгі белгілері

  1. Ешқандай күш жұмсамай, жылдам әрі көп ақша уәде ету. «Айына миллион табыс» немесе «саудасыз қаржылық тәуелсіздік» уәделері – күмәнді белгі. Адал компаниялар әрқашан табыс сатылым көлеміне және белсенділікке байланысты екенін айтады.
  2. Қысым көрсету және жасырын төлемдер. Шынайы MLM-компаниялар ойлануға уақыт береді. Егер сізді ақшаны тез төлеуге итермелесе, «тек бүгін бонус» десе немесе міндетті түрде ай сайын ірі көлемде сауда жасауды талап етсе – сақ болған жөн.
  3. Өнімнің болмауы немесе шамадан тыс қымбаттығы. Егер тауардың сапасы күмәнді болса, ал бағасы нарықтағыдан 2-3 есе жоғары болса – бұл қаржылық схеманың белгісі.
  4. Құжаттардың ашық көрсетілмеуі. Шарттың жоқтығы, лицензия мен тіркеу құжаттарын беруден бас тарту, төлем шарттарының түсініксіздігі – алаяқтықтың тағы бір белгісі.

Мұндай компанияларды қалай тексеруге болады?

  • Пікірлерді оқыңыз. Форумдардан, бейтарап сайттардан, YouTube-тан пікір іздеңіз. Егер барлық пікірлер тек мақтау мен жалпылама сөздерден тұрса – бұл да күмәндануға себеп. Себебі бір күндік компаниялар бастапқыда жарнамаға ақша аямайды. Артынан жоқ болып кетеді. 
  • Сот істерін қараңыз. Қазақстандағы ашық деректер базасынан компанияға қатысты сот істерін табуға болады. Ақшаны қайтаруға қатысты көп шағымдар болса бұл да күмәнді белгі.
  • Тіркеуін тексеріңіз. Шынайы MLM-компания заңды тұлға ретінде тіркелген болуы керек. Сондай-ақ, жеткізушілермен келісімшарттары мен өнімге лицензиялары болуы тиіс.
  • Қатысушылармен сөйлесіңіз. Тек рекрутерлермен шектелмей, жүйеде бір жылдан астам жұмыс істеген қарапайым қатысушылардан табыс, шығын және шарттар жайлы сұраңыз.

Алаяқтық оқиғалары

Қазақстанда желілік компания атын жамылып, қаржылық пирамидалар жұмыс істеген жағдайлар бар. Мәселен, 2022 жылы Алматыда криптовалютаға инвестициядан «ай сайынғы табыс» уәде еткен желі әшкереленді. Өнім болмаған, төлемдер жаңа қатысушылар есебінен жүрді. Жүздеген адам зардап шекті.

2023 жылы бірнеше компания «ғажайып денсаулық өнімдерін» дәріхана бағасынан ондаған есе қымбатқа ұсынды. Қатысушылар салған ақшаларын ала алмай қалды, ал компания бірнеше айдан соң жабылып қалды. 

Бұл мысалдар жарнама қаншалықты сенімді көрінсе де, компанияны заңдық және қаржылық тұрғыдан тексеру қажет екенін көрсетеді.

Жәбірленуші болмау үшін не істеу керек?

Желілік маркетингке қосыларда ең алдымен асықпай шешім қабылдау қажет. Ең бастысы – ақшаны бірден салмаңыз. Алдымен компанияның шарттарын, келісімшарттағы барлық тармақтарды мұқият зерттеп шығыңыз. Әсіресе салымды қайтару тәртібі мен міндетті сатып алуларға қатысты бөлімдерге назар аудару маңызды.

Сонымен қатар өнімнің бағасын нарықтағы баламаларымен салыстырыңыз. Егер тауар бірнеше есе қымбат болса, бұл күмәнді белгі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда абай болған жөн.

Компания туралы тәуелсіз қатысушылардан ақпарат сұрап, зерделеңіз. Олардың тәжірибесі өте маңызды. Жалпы, адал бизнес ешқашан қысқа мерзімде қомақты табысты уәде етпейді. Сондықтан өз қаражатыңызды сақтап қалу үшін әрқашан сын көзбен қарап, сақтық танытқан абзал.

Желілік маркетингтің заңдылығы

Қазақстанда желілік маркетинг заңмен тыйым салынбаған. Ол Азаматтық кодекспен, кәсіпкерлік пен тұтынушылар құқығын қорғау заңдарымен реттеледі. Бірақ мемлекеттік органдар бірнеше рет ескерткен: мұндай ұйымдардың атын жамылған пирамидалар жиі кездеседі.

Басқа елдерде де жағдай ұқсас. АҚШ-та, ЕО елдерінде және Жапонияда желілік маркетингке рұқсат етілген, бірақ қатаң қадағаланады. Компанияларда нақты өнім мен ашық төлем жүйесі болуы шарт. Ережелер бұзылса, сот ісі мен бизнестің жабылуына әкеледі.

Желілік маркетинг – табыс табудың заңды тәсілі де, қаржылық пирамиданың жасырын түрі де бола алады. Алданбау үшін компанияны мұқият зерттеу керек: өнімін, құжаттарын, пікірлер және сот тәжірибесін.

Есіңізде болсын: адал желілік маркетинг нақты сатылымға негізделеді, ал ешқандай күш жұмсамай тез табыс уәде ету – алаяқтықтың белгісі.

Сарапшылар бүгінде қаржы пирамидалары халықты алдауда жаңа айла-тәсілдерге көшкенін ескертеді. Оның ішінде криптовалюталық пирамидалардан бастап, жабық инвестициялық қоғамдастықтар сынды түрлі нұсқалар бар. Сондықтан тиімді ұсыныс жасаған әр копанияны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтындаға «Жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдардың тізімі» деген бөлімнен тексеріп алу да артық етпейді. Бұған қоса Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми сайтында «Қызметі қаржы пирамидасы ретінде күдікті деп танылған, сондай-ақ сот үкімдері шығарылған ұйымдардың кеңейтілген тізбесі» бар. 

Еске сала кетсек, Қаржылық мониторинг агенттігі «UILI BOLAYIK» қаржы пирамидасының жұмысын шектеген болатын. Ұйым қатысушыларға салған қаражатының үстінен ай сайын 15-30% қосымша табыс түседі, ал артыңнан адам алып келсең 10% бонус аударылады деп уәде еткен. Нәтижесінде ақша да, табыста, бонуста төлемей, талайды сан соқтырған. 

Сондай-ақ оқыңыз