«Реал Мадрид» Алматыға ұшып келді (видео)

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
«Реал Мадрид» Алматыға ұшып келді (видео) / фото: realmadrid

Испанияның атақты «Реал Мадрид» футбол клубы Алматыға келді. Команда УЕФА Чемпиондар Лигасы аясында «Қайратқа» қарсы матч өткізеді.

Алматы әуежайының дерегінше, футболшылар 28 қыркүйек күні түнгі 23:58-де Iberia әуе компаниясының рейсімен жетті. Ұшақ шамамен жеті сағат әуеде болып, жеті мың шақырым жолды артта қалдырды.

Алматының әуежайында мадридтік ұжымды мыңдаған адам күтіп алды. Қалаға келген соң «Реал» ойыншылары InterContinental Almaty қонақүйіне орналасты. Қонақүйдің алдында да ине шаншар жер болмай жанкүйерлер сүйікті командасын көру үшін жиналып тұрды.

Матч жайлы

«Қайрат» – «Реал Мадрид» ойыны 30 қыркүйекте сағат 21:45-те Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Испандық клуб ресми Instagram парақшасында матчқа арналған құрамын жариялады.

Матч билеттері 23 қыркүйекте сатылымға шықты. Бағасы 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін жетеді. Сұраныс стадиондағы орындар санынан бірнеше есе артық болғандықтан, жанкүйерлер үшін ойынды тамашалайтын қосымша алаңдар ұйымдастырылды.

Сондай-ақ оқыңыз