
Мемлекет басшысының Жарлығымен Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Жұлдыз Сүлейменова бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде заң шығару жұмыстарымен айналысып, жастар саясаты, білім беру мен әлеуметтік мәселелерге қатысты бірқатар ұсынысты алға тартқан.
2000–2004 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) Тарих факультетінде «Тарих» мамандығы бойынша білім алған. Кейін 2006–2008 жылдары осы университеттің Философия және саясаттану факультетінде «Мәдениеттану» мамандығы бойынша докторантураға түсті.
2008–2011 жылдары ҚазҰУ докторантурасын «Философия және саясаттану» бағыты бойынша аяқтап, 2012 жылы «Мәдениеттану» мамандығы бойынша PhD дәрежесін қорғап шықты.
Студенттік жылдары ҚазҰУ-дың студенттік өзін-өзі басқару ұйымының төрағасы болып, жастар бастамалары мен қоғамдық жұмыстардың алдыңғы қатарында жүрді.
Еңбек жолы
2004–2006 жылдары Алматы Экономика және статистика академиясының Ақтөбе институтында әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы әрі Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы қызметін атқарды.
2006–2007 жылдары «Отан» Республикалық саяси партиясы Ақтөбе облыстық филиалының жастар ісі жөніндегі кеңесшісі, сондай-ақ «Жас Отан» Жастар қанаты республикалық кеңесі төрағасының орынбасары болды.
2007–2008 жылдары Алматыдағы Ы. Алтынсарин атындағы №159 көпсалалы гимназияда тарих және құқық пәнінің мұғалімі ретінде еңбек етті.
2010–2011 жылдары Қазақ ұлттық аграрлық университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректорының орынбасары әрі жастар әкімшілігінің төрағасы болды.
2011 жылы Халықаралық бизнес академиясында студенттермен жұмыс жөніндегі декан қызметін атқарды. 2011–2012 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің бас ғылыми хатшысы болды.
2012–2014 жылдары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-да Білім беру саясаты және бағдарламалар департаментінің аға менеджері, 2014–2017 жылдары осы департамент директорының орынбасары болды.
2017–2019 жылдары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Даму департаментінің директоры, ал 2019–2021 жылдары Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы НЗМ директоры қызметін атқарды.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі болған Ғани Бейсембаев қызметінен босатылды.