Жаңалықтар

Астанаға Италия президенті келді

Тоқаев Астанада Италия президенті Серджо Маттарелланы қабылдады / Фото: Ақорда

Астанаға Италия президенті Серджо Маттарелла келді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

«Ақордада Астанаға ресми сапармен келген Италия президенті Серджо Маттарелланы салтанатты қарсы алу рәсімі өтті», – делінген баспасөз хабарламасында.

Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджо Маттарелла арасында келіссөз өткен. Келіссөз барысында президент Италия президенті Серджо Маттарелланың Қазақстанға сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсетінін айтқан. Президент екі елдің сауда саласындағы серіктестігі нәтижелі болғанын да атап өткен.

«Президент мырза, Сізді мәртебелі мейман ретінде қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз ынтымақтастығымыздың жаңа парағын ашатыны сөзсіз. Қазақстан мен Италия арасында тығыз ықпалдастық орнаған. Сіздің еліңізге құрметіміз ерекше. Өзара сауда дәйекті түрде дамуда. Біздің экономикалық байланыстарымыздың негізі берік. Түрлі саладағы қарым-қатынасымыз жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы ретінде екіжақты ықпалдастықты нығайтуға үлес қосуға әзірмін», – деді ол.

Серджо Маттарелла Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс білдіріп, Қазақстан мен Италия арасындағы достық қатынас арта түсетініне сенім білдірген.

«Сіздің былтыр қаңтар айында Римге жасаған сапарыңыздан кейін Астанада кездескеніме қуаныштымын. Өзіңіз атап өткендей, елдеріміз арасындағы қарым-қатынас ұдайы нығайып, тығыз әрі табысты сипат алды. Екі елдің сауда-экономикалық, мәдени салалардағы ынтымақтастығы жылдан жылға ілгерілеуде. Университеттер арасында серіктестік жолға қойылғанын көріп отырмыз. Достық көңіліңізге алғыс айтамын», – деді Италия президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдаланып, Қазақстанға жұмыс сапарымен келген елдің премьер-министрі Джорджа Мелониге сәлем жолдаған.