Елдегі мұнай компанияларына 50 млрд теңге айыппұл салынған

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Мұнай компанияларына 50 млрд теңге айыппұл салынған / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Елдегі мұнай компанияларына жалпы, 50 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған. Компаниялар оның тек 1 млрд теңгесін өтеген.

Жалпы елде жер қойнауын пайдалануға қатысты 327 келісімшарт жасалған. Оның 133-і барлаумен байланысты, 12-сі дайындық кезеңінде, 182 келісімшарт бойынша өндіру жұмыстары жүргізіледі.

Ал 2025 жылғы 1 маусымнан бастап ҚР Энергетика министрлігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көмірсутектер саласындағы жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерді орындауын мониторингілеу бойынша кешенді жұмыс жүргізген.

Бұл жұмыстар нәтижесінде жалпы мұнай компанияларына салынған айыппұлдар мен берешектердің жалпы сомасы 50 млрд теңге құрағанын анықтаған. Оның ішінде 2024 жылғы айыппұлдар көлемі – 19 млрд теңгені құраған.

«Жер қойнауын пайдаланушылардың атына 160-тан астам хабарлама жолданды. Қазіргі таңда шамамен 1 млрд теңге өтелді, бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Сондай-ақ, Министрлікпен ағымдағы жылдың 9 айында жер қойнауын пайдалану бойынша 11 келісімшарттың күші жойылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, 2024 жылдың тамыз айында Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Каспий нефть» АҚ компаниясы экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 13,5 млрд теңге айыппұл төлегені хабарланған болатын. Сонымен бірге Қарашығанақ кен орны операторына қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін 739,5 млн теңге айыппұл, «Теңізшевройл» компаниясына 639 млн теңге айыппұл салынған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз