Жаңалықтар

Әнші Рүстем Жүгінісовке хиджабтағы қыз туралы сөзі үшін айыппұл салынды

Рүстем Жүгінісовтің сөздері қоғамда «діни алауыздыққа» түрткі болуы мүмкін / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай
Рүстем Жүгінісовтің сөздері қоғамда «діни алауыздыққа» түрткі болуы мүмкін / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Әнші Рүстем Жүгінісовке хиджабтағы қыз туралы сөзі үшін айыппұл салынды. Енді ол 78 640 теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Мұндай шешім әртістің қоғамда дүрбелең тудырған екі жария мәлімдемесіне байланысты қабылданды. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, оның сөздері қоғамда діни алауыздыққа түрткі болуы мүмкін.

Алғашқы дау

2023 жылдың 31 желтоқсанында Жүгінісов TikTok-тағы Zhugunussov атты парақшасында Жаңа жылды тойлаудың мән-маңызына қатысты видео жариялады. Ол бұл мерекені пайғамбар да, қазақ халқының ата-бабалары да тойламағанын айтты. Бұл сөздер қоғамда үлкен пікірталас тудырып, сараптама мұндай мәлімдемеде діни келіспеушіліктерді өршітетін сипат бар деп бағалады.

Мешіттегі жүгенсіздік

Екінші оқиға Ақтөбедегі мешітте болған жағдайға байланысты. Онда бір қыз ер адамның «бір реттік неке» ұсынған сәтін видеоға түсіріп жариялады.

Бұл – интимдік жақындықты көздейтін жалған неке. Бұған жауап ретінде Жүгінісов қызды арандатушылық әрекет жасады деп айыптады. Мешітке тек әкесі не ағасының еріп баруына кеңес берді. Сарапшылар бұл пікірді де талдап, оның қоғамдағы діни қайшылықтарды тереңдетуі мүмкін екенін айтты.

Сот шешімі

 «За нами уже выехали» telegram-арнаcының ақпаратына қарағанда, сот Рүстем Жүгінісовті ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабы, 2-бөлігі бойынша кінәлі деп тапты. Онда «Қазақстан Республикасының аумағында әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, сословиелік және тектік араздықты қоздыруға бағытталған бұқаралық ақпарат құралдары өнімдерін тарату» әкімшілік құқықбұзушылығын жасағаны үшін» жаза көрсетілген. Соның нәтижесінде әртіс 78 640 теңге айыппұл төлеуі тиіс.

Мұның алдында әнші Рүстем Жүгінісовке қатысты іс сотқа жеткені туралы хабарлаған едік.