Жаңалықтар

Ақбөкен еті елдің батыс өңірлерінде сатыла бастады

Ақбөкен / фото: shutterstock
Ақбөкен / фото: shutterstock

Атырау қаласындағы ескі базарда ақбөкен еті сатыла бастады. Оны Оралдан жеткізген. Бұл туралы Kursiv.Media жергілікті «Ақ Жайық» газетінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Базардағы сатушылардың бірінің айтуынша, көрші өңірден шамамен екі тонна ет жеткізілген. Өнім бірден өтіп кеткен.

«Жақсы өтіп жатыр. Тұрғындардың бірі келілеп алса, тағы біреулер тұтастай жон етін сұратты. Бәрі заңды – құжаттарымыз бар, аңшылық шаруашылығынан, ветеринарлар тексерген», – дейді атыраулық сатушы Вячеслав.

Оның айтуынша, ақбөкенді атпайды, тұзаққа түсіріп сояды. Ақбөкен етінің көтерме бағасының бір келісі 2 мың теңге тұрады. Бөлшек саудадағы баға – 2200 теңге.

Басылым дала аңының еті сатылып жатқан жерде адам қарасы көп екенін жазды. Тұрғындардың бірі өте сирек кездесетін еттің дәмін татқысы келсе, басқалары арнайы іздеп келіп, бірнеше келіден сатып алып кетіп жатыр.

Дегенмен қала тұрғындарының бәрі мұндай өнімге риза емес. Көпшілігі ақбөкеннің Қызыл кітаптағы аң екенін айтып, сауданың заңды екеніне күмән келтіреді. Алайда саудагер жұмысы әділ екенін алға тартып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы шілдеде Батыс Қазақстанда ақбөкен ату науқаны басталды. Шамамен сол уақытта Оралда ол еттен шұжық жасайтын өндіріс іске қосылған.

Осының алдында Kursiv.Media киік етінен аса қауіпті аурулар тармай ма деген сауалға жауап іздеген.