«Қайрат» футболшылары Мбаппенің қарқынын тоқтата ала ма

«Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Оразбахтин мен қорғаушысы Егор Сорокин «Реал Мадридке» қарсы матч қарсаңында баспасөз конференциясын өткізді. Олар Чемпиондар лигасы аясындағы маңызды ойында қандай тактика қолданатынын айтты.
«Реал» Алматыда жеңу үшін барын салады
Оразбахтин «Реал Мадридті» «әлемдегі ең танымал клуб» деп атады. Оның пікірінше, Килиан Мбаппе бастаған испан командасы екі матч қатарынан ұтылмас Орталық стадионда барын салады деп есептейді. Екі күн бұрын, 27 қыркүйекте «Реал» Ла лигада жергілікті «Атлетикодан» 5:2 есебімен ұтылып қалған еді.
«Реал» Қазақстанда алғаш рет ойнағалы тұр. Сол себепті ол ең мықты футболшыларын алып келді. Соңғы матчта ұтылып қалғандықтан, осы ойында барын салатыны түсінікті», – дейді ол.
Алматылық клуб бапкерінің айтуынша, әлемнің ең бай клубында шаршауды білмейтін, сәтсіздікті тез еңсеретін тәжірибелі футболшылар өнер көрсетіп жүр.
«Қайрат» тактикасы
Бұған қоса, Оразбахтин «Қайрат» футболшыларының 30 қыркүйектегі матчтағы тактикасын айтып өтті.
«Ең бастысы – біз матчтың соңғы секундына дейін ойнауымыз керек. Жігіттерді соған дайындап жатырмыз. Тырысамыз. Өткен ойындағы жеңілістен сабақ алып, бүкіл ойын бойы жоғары деңгейде өнер көрсетуге тырысамыз», – дейді бас бапкер.
Естеріңізге сала кетейік, алматылық клуб Чемпиондар лигасының топтағы бәсекесіндегі алғашқы ойында «Селтиктен» 4:0 есебімен жеңіліп қалған еді.

«Реалға» қарсы қару
Оразбахтин БАҚ өкілдерімен кездесуге қорғаушы Егор Сорокинді ертіп келді.
«Сәл қобалжу бар. Қорқыныштан емес, жауапкершілікті сезінгеннен. «Реал» – топ-клуб, кез келген қате қымбатқа түсетіні анық. Барымызды салып, Қазақстан намысын абыроймен қорғағымыз келеді», – дейді ол.
Қорғаушы супержұлдыз Килиан Мбаппе секілді мықты футболшыларды қалай тоқтатуға болатынын айтты.
«Темірдей тәртіп болса, жеңуге болады. Оларға да қарсы мықты қаруымыз бар – біздің стандарттарымыз. Біз – дайынбыз», – дейді Сорокин.
29 қыркүйекке қараған күні «Реал Мадрид» футболшылары Алматы қаласына ұшып келді. Жергілікті «Қайрат» пен «Реал» арасындағы матч 30 қыркүйек, сейсенбі күні Орталық стадионда өтеді.