Қазақсанның 7 өңіріндегі тасжолдарда көктайғақ болады

Қазақстанның жеті облысындағы республикалық жолдарында көктайғақ күтілуде.
Синоптиктердің мәліметінше, 29 қыркүйекте Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы сақталады.
«Абай, Ақмола, Ақтөбе, Жетісу, Қарағанды, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде қар аралас жаңбыр мен көктайғақ күтілуде. Сол себепті жүргізушілерге жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты қатаң сақтап, жолдардағы ауа райының қолайсыздығын ескерулеріңізді сұраймыз»,— деп хабарлады ҚазАвтоЖол.
Айта кетейік Қостанай облысында таңертеңнен бастап қар аралас жаңбыр жауып жатыр. Қыс мезгіліне әлі дайындалып үлгермеген жүргізушілер қалың қарға батып жатыр. Патрульдік полиция қызметкерлері жол шетіндегі сайға сырғанап кеткен тоғыз автокөлікті шығарған.
«Қостанай – Алматы – Екатеринбург республикалық тас жолына ерекше назар аудардық. Таңғы сағат 6:00-ден 10:00-ге дейін жол шетіндегі сайға сырғанап кеткен тоғыз автокөлікті шығардық. Мәселен, жолдың бір учаскесінде Alphard және Volkswagen көліктерінің жүргізушілері рөлге ие бола алмай, жолдан шығып кеткен. Оларға патрульдік полиция қызметкерлері көмектесіп, қасынан өтіп бара жатқан жүк көлігі мен бейжай қарамаған жүргізушілердің көмегімен көліктерді қар құрсауынан алып шықты», — деп хабарлады полиция.