Жаңалықтар

1 қазаннан FlyArystan Duty Free тауарлары үшін қосымша ақы алмайды

1 қазаннан бастап Duty Free тауарлары үшін қосымша ақы алынбайды/Фото: shutterstock.com

FlyArystan әуе компаниясы қол жүгінде Duty Free дүкендерінен алынған тауарларды тасымалдауға қосымша ақы алмайтын болды. Алматы қаласының әуе көлігі прокуратурасының араласуынан кейін, әуе компаниясы тәртібіне өзгерістер енгізді. Бұл туралы Kursiv.Media Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Прокуратура FlyArystan қызметін талдау жүргізіп, халықаралық рейстердің жолаушыларына Duty Free өнімдерін тегін алып өтуге қойылған шектеулердің заңға сәйкес келмейтінін анықтаған. Прокурорлық қадағалау актісінен соң, әуе компаниясы ішкі ережелерін қайта қарап, өзгерістер енгізуге келісім берді.

Жаңартылған тәртіпке сәйкес, 2025 жылғы 1 қазаннан бастап халықаралық бағыттардағы жолаушылар аталған дүкендерінен сатып алынған тауарларды қол жүгінде қосымша ақысыз алып өте алады. Бұл өзгеріс әуе компаниясының ресми сайтында жарияланатын құжатта ресми түрде көрсетіледі.

Прокуратура бұл жаңашылдықтар заңнаманы бірыңғай қолдануға жол ашатынын, жолаушылар үшін ережелерді түсінікті ететінін және әуе компаниясының жұмысындағы ашықтықты арттыратынын атап өтті.