
Құрақшы Аселина Батырдың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы жанжалға ұласты. Кондитер Нұршат Ақбергенованың өкілі мен судья арасында, сондай-ақ судья мен жауапкер өкілдері арасында сөз талас болып, сот отырысы кейінге қалды.
Тіпті Ақбергенованың өкілі Аржан Сәдуақас судьяға қарсылық білдірді. Бұл бойынша әлі шешім қабылданған жоқ.
Соттағы дау процесс басталғаннан-ақ өрши түсті. Жауапкердің өкілдері судьяның сөзін қайта-қайта бөліп отырды. Судья тараптардың заңды өкілдеріне бірнеше рет ескерту жасады.
Талапкер тарапы да сот процесіне наразылық танытты. Адвокат Сәдуақас судья Гүлзада Рашқалиева жауапкер өкілінің әрекетіне көз жұма қарағанын айтып шағымданды. Тіпті ол қарсы тарап өкілдері сұрақты орнынан тұрмай қойғанын айтып, өзі де солай істеуге рұқсат сұрады. Судья оған ескерту жасап, мұны хаттамаға енгізді.
«Бүкіл Қазақстанға масқара болдыңыз. Жауапкерлерге сөйлеуге соншама уақыт бердіңіз. Оларға сізге сұрақты отырып қоюға рұқсат бердіңіз. Екі адамға осынша уақыт беріп отырсыздар, ал менің жалғыз өзіме бір сұрақты дұрыс қоюға уақыт бермей, асықтырып жатырсыз», – деді Сәдуақас судьяға.

Судья Гүлзада Рашқалиева талапкердің өкілі Аржан Сәдуақасқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулы шығаратынын айтты. Осылайша сот отырысы кейінге қалды. Алайда нақты қашан өтетіні әлі белгісіз.
Айта кетейік, Астана 600 мың теңге тұратын тортқа қатысты азаматтық іс қаралып жатыр.