Кассациялық сот Қазақстанда уақыт белдеуін ауыстыруды заңды деп тапты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Кассациялық сот Қазақстанда уақыт белдеуін ауыстыруды заңды деп тапты/фото: kursiv.media

Кассациялық сот азаматтың Қазақстанды бесінші сағат белдеуіне көшіру туралы қаулыны заңсыз деп тану жөніндегі үкіметке қарсы талабын қанағаттандырудан бас тартты. Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

«Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот азамат А.-ның Үкіметке қарсы «Қазақстан аумағында уақыт есебін айқындау тәртібі туралы» қаулысын және оған өзгерістер енгізу туралы 2024 жылдың 19 қаңтарындағы №20 қаулыны заңсыз деп тану және жою туралы талабын қарады», – делінген ақпаратта.

Талапкер уақыт белдеуін өзгерту астрономиялық уақытқа сәйкес келмейтінін, жауапкерде мұндай шешім қабылдауға өкілеттік жоқтығын, НҚА мәтінінің жартысынан астамы өзгергендіктен жаңа НҚА қабылдануға тиіс екенін көрсеткен.

«Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заңға сәйкес, өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу үкімет құзыретіне жатады.

Үкімет қаулысымен уақыт пен эталондық жиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссия консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған. Оның функцияларының бірі – республика аумағында уақыт есебін айқындау тәртібін белгілеу мен өзгерту бойынша Үкіметке ұсыныс енгізу.

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот Үкімет қабылдаған қаулылар Конституцияның 69-бабында көзделген өкілеттік аясында қабылданғанын жергілікті соттардың тұжырымдарымен келісіп, растады.

НҚА мәтінінің жартысынан астамы өзгерді деген уәж расталмады және ол Үкімет қаулысын заңсыз деп тануға негіз бола алмайды, себебі оны қабылдау рәсімі бұзылған жоқ.

Айта кетейік, 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап барлық республика аумағында бірыңғай уақыт белгіленді. Қазақстан UTC +5 уақыт белдеуіне ауысты

Сондай-ақ оқыңыз