
АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа секторында бейбітшілік орнату бойынша жоспарын Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху қолдады, деп хабарлады Reuters.
Әзірге ХАМАС бұл жоспарды қабылдай ма, жоқ па ол жапғы белгісіз.
Ақ үйде Нетаньяхуымен кездесуден кейінгі бірлескен баспасөз мәслихатында сөйлеген Трамп палестиналық анклав үшін «аса қиынға соғып жүрген бейбіт келісімге» «өте жақын қалғандарын» айтты. Ол ХАМАС-қа ұсынысты қабылдамаса, Израильдің ықтималды әрекетіне толық қолдау көрсететінін ескертті.
Ақ үй 20 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарын жариялап отыр. Жоспарға төмендегідей пункттер кіреді:
- атысты дерек тоқтату;
- ХАМАС ұстаған тұтқындарды Израиль түрмелеріндегі палестиналықтарға айырбастау;
- Израиль әскерін Газадан кезең-кезеңімен шығару;
- ХАМАС-ты қарусыздандыру;
- халықаралық орган басқаратын уақытша үкімет құру.
Басылым Нетаньяхудың жоспардағы болашақ Палестина мемлекеті мен соғыстан кейін анклавты басқаруда Палестина әкімшілігінің рөлі жайлы мәселеге қатысты көзқарасы көпшілік үшін әлі ашық қалғанына назар аударған.
Трамптың жанында тұрып сөйлеген Нетаньяху соғысты тоқтату жөніндегі жоспарды қолдайтынын, ол өздерінің әскери мақсаттарына толық сәйкес келетінін айтқан.
«Бұл жоспар біздің барлық тұтқындарымызды қайтарып, ХАМАС-тың әскери әлеуетін жояды, оның саяси билігін тоқтатады және Газа енді ешқашан Израильге қауіп төндірмейтініне кепілдік береді», – деді ол.
Келіссөзге қатысқан дереккөздің хабарлауынша, Катар мен Мысыр құжатты ХАМАС-қа жеткізген. Ұйым делдалдарға оны «адал ниетпен» қарастыратынын және кейін жауап беретінін мәлімдеген.
Бұған дейін, YouTube Трамптың аккаунтын бұғаттағаны үшін 25 млн доллар төлейтынын жазғанбыз.