Қазақстандық крипторезерв 2026 жыл басында іске қосылады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shuttesrstock

Қазақстандық крипторезерв 2026 жыл басында іске қосылады. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, мемлекеттік крипторезерв Ұлттық инвестициялық корпорация базасында қалыптасады, Жаңа крипторезерв ҚҰБ басқаруындағы елдің дербес резервтерінің құрамына қосылады.

Ұлттық Банктың хабарлауынша, кейбір басылым хабарлап жатқан Alem Crypto Fund мемлекеттік қорға жатпайды. Бұл қор ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен құрылғанымен, тек нарықтық алаңда жұмыс істейді және мемлекеттік резервтерді басқару құқығына ие емес.

«Мұндай қорлар «Астана» халықаралық қаржы орталығында құрылуы мүмкін, алайда олар мемлекеттік қаражатты басқаруға қатыспайды», – делінген хабарламада.

Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық тәжірибеге сай, ҚҰБ ұлттық қорды, алтын-валюта резервтерін, зейнетақы активтерін және өзге де мемлекеттік қаражатты басқарады. Банк бұл үшін қажетті инфрақұрылымға және кәсіби инвестициялық менеджерлер құрамына ие. Бұл тәсіл тәуекелдерді басқарудың бірыңғай стандартын енгізіп, цифрлық активтерді қауіпсіз сақтау жүйесін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Стратегиялық крипторезервті қалыптастыру мақсатында Ұлттық Банк Мемлекеттік цифрлық активтер қорын (МЦАҚ) құру бойынша кезең-кезеңімен жұмыс жүргізуде. Қордың Концепциясы әзірленіп, оның негізгі мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ басқару тетіктері айқындалды. Қазіргі уақытта операциялық және техникалық инфрақұрылым құру да қатар жүзеге асырылып жатыр.

Қорды «Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы» АҚ басқарады. Бұл ұйым балама инвестиция құралдарын басқару тәжірибесіне ие және Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтерін басқаратын құрылым. Дайындық жұмыстары биыл аяқталып, Мемлекеттік цифрлық активтер қоры келесі жылдың басында іске қосылады деп жоспарланған.

Мемлекеттік криптоактив резерві құрылатынын Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз