
Кредит рәсімдегенде азырақ пайыз төлеп, ақшаны үнемдегіңіз келе ме? Пайыздық мөлшерлемені қалай төмендетуге болады? Жасырын комиссиялардан құтылудың жолы бар ма? Ал егер кредиттік тарихыңыз нашар болса, кредит алуға мүмкіндік бар ма?
Бүгінде Қазақстанда несие алу бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Банктер мен микроқаржы ұйымдары: қысқа мерзімді тұтынушылық несиеден бастап ұзақ мерзімді ипотекаға дейін ондаған өнім ұсынады. Бірақ қолжетімділікпен бірге тәуекел де бар: жоғары пайыздар, қосымша комиссиялар мен жасырын шығындар қарыз құнын айтарлықтай арттырады.
Осы мақалада Kursiv.media тілшісі несие алу кезінде тиімді шарттарға қалай қол жеткізуге болатынын, шартқа қол қоймас бұрын нені ескеру қажет екенін, артық төлемді азайтудың қандай тәсілдері барын түсіндіреді. Сонымен қатар қайта қаржыландыру мен қайта құрылымдаудың отбасы бюджетін сақтап қалудағы рөліне тоқталады.
Кредит алу үшін де дайындық керек
Банкке бармас бұрын мынадай қадамдар жасау қажет:
- Несие тарихын тексеріңіз. Қазақстанда барлық несие туралы ақпарат кредиттік бюрода сақталады. Кешіктірілген төлемдер де мақұлдау мүмкіндігін төмендетеді.
- Құжаттарды жинаңыз. Жеке куәліктен бөлек, банктер көбіне табыс туралы анықтама, кейде мүлікке қатысты құжаттарды сұрайды.
- Қарыз жүктемесін азайтыңыз. Бірнеше несиеңіз болса, оларды жабуға немесе қайта қаржыландыру арқылы біріктіруге тырысыңыз.
Кеңес: егер қомақты сомаға несие рәсімдегіңіз келсе, қарыз жүктемесі коэффициентін алдын ала есептеңіз. Банктер, әдетте, ай сайынғы төлем табыстың 40-50%-нан асқан жағдайда несие бермейді.
Кредиттің пайыздық мөлшерлемесіне не әсер етеді
Несиенің пайыздық мөлшерлемесі мына факторларға байланысты:
Біріншіден, несие тарихы. Ай сайынғы төлемін кешіктірмеген клиентке банк төмен пайызбен несие береді.
Екіншіден, мерзім. Қысқа мерзімге берілген несие мөлшерлемесі әдетте төмен болады.
Үшіншіден, кепілзат. Пәтер немесе көлік кепілдікке қойылған несие – арзан, ал кепілсіз несие – қымбат.
Төртіншіден, бағдарламалар. Кейбір банктер жалақысын сол банктен алатын клиенттерге жеңілдік береді.
Кредит түрін қалай таңдау керек
Алатын кредиттің түрін мақсатыңызға сәйкес дұрыс таңдаған жөн:
- Мәселене, тұтынушылық несие. Жиһаз, тұрмыстық техника, ем-дом үшін ыңғайлы. Оның мөлшерлемесі жоғары, бірақ кепіл қажет емес.
- Ал кей қаржы ұйымдарында тиімді шарттармен қолма-қол несиелер болады. Банктер кейде комиссиясы жоқ, мерзімінен бұрын төлесе пайызы азаятын акциялар өткізеді. Бұған қоса
- Мақсатты несие. Көлік немесе тұрғын үй сатып алуға беріледі. Пайыздық мөлшерлемесі төмен, бірақ міндетті түрде кепілзат пен сақтандыру керек.
- Кредиттік карталар. Шағын шығынға ыңғайлы, бірақ кешіктірсеңіз пайызы өте жоғары. Мұндай карталардан ақша шешуге болмайды. Тек дүкендерден зат сатып алып, қызмет ақысын төлеуге ыңғайлы.
Кеңес: егер 50-60 күнге дейін пайызсыз жеңілдік кезеңі бар кредиттік картаны алуға мүмкіндік болса, оны шағын қарыздарға пайдаланған дұрыс.
Банкпен келіссөз жүргізудің құпиялары
Банкпен келіссөз жүргізу арқылы артық төлемді азайтуға әбден болады. Ең алдымен, әртүрлі ұсыныстарды салыстырып көріңіз: онлайн калькулятор көмегімен несиенің толық құнын алдын ала есептеп алыңыз. Егер басқа банкте пайыздық мөлшерлеме төмен екенін білсеңіз, оны өз менеджеріңізге ашық айтыңыз – кей жағдайда банк клиентті жоғалтпау үшін жеңілдік жасауға дайын болады.
Сонымен бірге, сақтандыру, SMS-хабарлама немесе ақылы кеңес беру сияқты қосымша қызметтерден бас тартқан дұрыс, себебі мұның бәрі қарыз құнын ұлғайтады.
Сондай-ақ несиені мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігін міндетті түрде талқылап, ол үшін айыппұл немесе шектеулер бар-жоғын нақтылап алған жөн. Мысалы, 2 млн теңге несие бойынша жылдық 2% айырмашылық бүкіл мерзім ішінде 100 мың теңгеден астам үнемдеуге мүмкіндік береді.
Қандай жағдайда қайта қаржыландыру тиімді
Жоғары пайызбен несие алып қойған жағдайда да оны тиімдірек етуге мүмкіндік бар. Мұндай кезде бірнеше жолды қарастыруға болады. Ең әуелі – қайта қаржыландыру: жаңа несие рәсімдеп, бұрынғы қарызды жабасыз, ал жаңа шарт бойынша пайыздық мөлшерлеме төмен болуы ықтимал. Тағы бір нұсқа – басқа банкке ауысу, өйткені кейде бәсекелес қаржы ұйымдары клиент тарту үшін тиімдірек ұсыныстар жасайды. Егер уақытша қаржылық қиындыққа тап болсаңыз, несиеңізді қайта құрылымдау жолын таңдауға болады: төлем мерзімін ұзартып немесе ай сайынғы төлем сомасын азайтуға келісуге мүмкіндік бар.
Жасырын комиссиялар мен қосымша шығындар
Тек пайызға емес, басқа шығындарға да мән беріңіз:
- Кредитті рәсімдеу комиссиясы. Несие сомасының 1-3%-ына дейін жетуі мүмкін.
- Міндетті сақтандыру. Кейде өмірді, денсаулықты немесе мүлікті сақтандыру талап етіледі.
- Шотты жүргізу үшін комиссия. Ай сайынғы шағын төлем де қосымша шығынға әкеледі.
- Айыппұлдар мен өсімпұлдар. Бір күн кешіктірсеңіз де несиеңіздің жалпы сомасы айтарлықтай өсуі мүмкін.
Кеңес: әрқашан «несиенің толық құны» көрсеткішіне қараңыз. Ол барлық төлемдерді қамтиды. Тіпті несие үшін төлеген жалпы сома алған қарызыңыздан бірнеше есе асып түсуі де мүмкін.
Алаяқтықтан қалай сақтану керек
Қаржылық операциялар, оның ішінде несие рәсімдеу – алаяқтар жиі пайдаланатын ең тартымды бағыттардың бірі. Сондықтан сақтық шараларын естен шығармаған жөн. Ең алдымен, «делдалдардың» көмегіне жүгінбеңіз. «Кредит әпереміз» деген ұсыныстардың басым бөлігі – алдау.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтынан банктің немесе микроқаржы ұйымының лицензиясын тексеріңіз. Олар реттеуші органда тіркелген болуы керек.
Бұған қоса шартқа қол қоймас бұрын оны толық оқып шығып, ұсақ әріптермен жазылған тармақтарға ерекше назар аударыңыз. Сондай-ақ телефон арқылы «банк атынан» хабарласқан адамдарға жеке деректеріңізді ешқашан бермеңіз – бұл да алаяқтардың кең таралған айласының бірі.
Мысалы, өткен жылдың өзінде қазақстандықтар интернет-алаяқтардың кесірінен 20 млрд теңгеден астам шығынға ұшыраған.
Ал егер алаяқтар сіздің атыңызға несие рәсімдеп қойғанын білсеңіз, заң сіздің жағыңызда екенін ұмытпаңыз. Ең бастысы – қарызды төлеуге келіспей, бірден ресми түрде шағымдану. Кредиттік ұйымнан толық құжаттарды талап етіп, құқық қорғау органдарына өтініш беріңіз. Егер банк немесе МҚҰ құжаттарды беруден бас тартса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және сотқа жүгінуге құқығыңыз бар. Сот шешімі сіздің пайдаңызға шықса, ұйым қарызды есептен шығарып, несие тарихыңызды қалпына келтіруге міндетті.
Қорыта айтқанда Қазақстанда тиімді шарттармен де несие алуға болады. Ол үшін алдын ала дайындалып, ұсыныстарды салыстыру, шартты мұқият оқу және банкпен келіссөз жүргізуден қорықпау қажет. Қайта қаржыландыру мен қайта құрылымдау арқылы артық төлемді азайтып, отбасы қаржысын қорғауға болады.
Кредит – пайдалы құрал. Бірақ ол дұрыс қолданылмаса, ауыр жүкке айналады. Білім мен мұқияттылық сізге мыңдаған теңге үнемдеуге және қаржылық тұрақтылықты сақтауға көмектеседі.