
Бұдан он-он бес жыл бұрын көптеген бизнес-идея сенімді әрі тұрақты табыс көзі болып көрінетін. Алайда 2026 жылға қарай жағдай түбегейлі өзгерді: технологиялар алға жылжыды, тұтынушылардың әдеттері өзгерді, ал бәсекелестік күшейгені соншалық, тұтас бірқатар салалардың екіпіні бәсеңдеп, сәтсіздікке ұшырады. Бүгінгі күні табысты кәсіпкер болу үшін жай ғана дүкен ашу немесе орын жалға алу жеткіліксіз – егер сіздің жобаңыздың айы оңынан туғанын қаласаңыз, бұрынғы тәсілдер іске аспай, нарық оны қабылдамауы мүмкін. Kursiv.media тілшісі өзектілігін жоғалтқан әрі шығынға айналған он бизнес-модельді қарастырды.
DVD-дүкендер, видеокассета жалға беру қызметі
Бір кездері видеокассета жалға алуға бару ерекше оқиға болатын: фильмді таңдап алу, бір кешке жалға алу, ертесіне қайтару. Бірақ интернеттің дамуы бұл бизнесті толығымен жойды. Қазір Netflix, IVI немесе Кинопоиск сияқты платформалар айына аз ғана ақыға мыңдаған фильм мен сериалды көруге мүмкіндік береді. Ешбір DVD-дүкен мұндай ыңғайлылықпен бәсекеге түсе алмайды. 2026 жылы осындай бизнесті ашу – «ақшаны далаға шашумен» тең. Оның орнына – онлайн-кинотеатр құру немесе жергілікті видеоконтент өндіруге болады. Ал бұрынғы әдіс іске аспайды әрі тиімсіз.
Телефон будкалары мен интернет-кафелер
90-жылдардың соңында және 2000-жылдардың басында интернет-кафелер жастардың жиі баратын орны еді: Counter-Strike ойнау, чатта сөйлесу, құжат басып шығару сынды «қызықтар» болған. Бірақ смартфондар мен мобильді интернет бұл форматты ығыстырды деуге болады. Қазір әркімнің қалтасында будканы да, компьютер клубын да алмастыратын құрылғы бар. Тіпті цифрландыру деңгейі төмен елдерде де интернет-кафелер жабылып жатыр. 2026 жылы мұндай бизнесті ашқан кәсіпкер клиентсіз қалады. Тек VR-шлемдер, консольдер мен киберспорт турнирлері бар жаңа форматтағы киберклуб қана сұранысқа ие болуы мүмкін.
Көшірме орталықтар мен құжат басып шығару
Бұрын университеттер мен бизнес-орталықтардың жанында ондаған көшірме орталықтар жұмыс істейтін. Студенттер курстық жұмыстарын, ал кеңсе қызметкерлері келісімшарттарын басып шығаратын. Бірақ бүгінде құжат айналымы толығымен цифрлық форматқа өтті. Электронды қолтаңбалар, онлайн-мемқызметтер, PDF форматындағы құжаттар қағаз басып шығаруды ысырып тастады. Түйіндемені де көбіне электронды пошта арқылы сұрайды. Сондықтан 2026 жылы мұндай орталықтар шығынға батады. Болашағы бар бағыттар – 3D-баспа, матаға басу немесе бизнеске арналған ерекше полиграфия.
Онлайн-сервистерсіз классикалық турфирмалар
Бұрын шетелге шығудың жалғыз жолы – турфирмаға бару болатын: менеджерлер жолдамалар таңдап, билеттерді басып шығарып, қонақүйді брондайтын. Қазір бәрі өзгерді. Адам ұшақ билетін түрлі сервистер арқылы алады, Airbnb-де пәтер брондайды, ал қонақүй туралы пікірді Booking-тен оқиды. Онлайн-сервистерсіз жұмыс істейтін турфирмада шығын көп, клиент аз. Дегенмен туризм саласы жойылған жоқ – ол жаңа форматта дамуда. Қазір авторлық турлар, тревел-консьерж қызметтері, экотуризм және жеке бағдарлама құру сұранысқа ие.
Газет дүңгіршектері мен баспасөз
Осыдан 10-15 жыл бұрын газет дүңгіршектері қаланың ажырамас бөлігі еді. Адамдар жұмысқа бара жатып жаңа газетті алып, қоғамдық көлікте журнал ақтаратын. Бірақ смартфондар дәуірінде баспасөзге сұраныс күрт азайды. Қазір жаңалықтарды Telegram-арналардан немесе сайттардан оқиды, журналдардың орнын блогтар мен подкасттар басты. 2026 жылы газет дүңгіршегін ашу – шығынға батудың төте жолы. Ал онлайн-медиаға керісінше, үлкен мүмкіндік бар: интернет-журнал, подкаст немесе жеке медиаплатформа құру әлдеқайда тиімді.
CD және DVD-дүкендер
Жақында ғана дискілерді жинау сән болатын: сүйікті әншілердің альбомдарын сатып алып, фильмдерді DVD-ге жазатын. Бірақ цифрлық революция бұл нарықты жоқ қылды. Spotify, Apple Music және «Яндекс.Музыка» сияқты сервистер айына белгіленген ақыға миллиондаған әнді тыңдауға мүмкіндік береді. Дискілерді сату бизнес емес, коллекционерлерге арналған әуесқойлық қана болып қалды. 2026 жылы CD/DVD дүкенін ашу – пайдасыз. Бірақ винтаж нарығында – винил пластиналар сатуда немесе коллекционерлер қауымдастығын құруда әлі де табыс табуға мүмкіндік бар.
Классикалық фотоателье
2000-жылдардың ортасында әр ауданнан фотоателье табылатын. Онда құжатқа фото жасайтын, отбасылық суреттер түсіретін, тіпті үйлену тойына шақыру билетін түсіретін. Бірақ смартфондар бұл нарықты түбегейлі өзгертті. Қазір телефон жоғары сапада түсіреді, ал Instagram мен Canva суретті бір сәтте өңдейді. Сондықтан қарапайым фотосуретке сұраныс жоқ. Мұндай бизнес бүгінгі күні шығынға ұшыратады. Бірақ фотоательені блогерлерге арналған студияға айналдыруға болады: кәсіби жарық, декорациялар мен TikTok үшін фотозоналар табысты бизнес құруға мүмкіндік береді, бұған жастар тарапынан да қызығушылық жоғары.
Онлайн баламасы жоқ тұрмыстық техника дүкендері
Бұрын тұрмыстық техниканы сатып алу үшін дүкенге бару керек еді. Ал қазір маркетплейстерде ассортимент кеңірек, баға төменірек, жеткізу жылдам. Онлайн-платформасыз жұмыс істейтін жергілікті дүкен бәсекеге төтеп бере алмайды. 2026 жылы мұндай дүкендер шығынға ұшырайды. Бірақ сала толық жойылған жоқ: сервис орталықтарын дамыту, техниканы жалға беру немесе trade-in бағдарламасын іске қосу – әлеуетті бағыттар.
DVD және ойын дискілерін сататын автоматтар
Бір кезде ойын немесе фильм дискін жалға беретін автоматтар ыңғайлы болатын. Бірақ PlayStation Store, Steam және Netflix бұл бизнесті жоққа шығарды. Қазір барлық ойындар мен фильмдер онлайн қолжетімді. 2026 жылы диск автоматтары бос тұрады. Дегенмен жаңа форматтағы шешімдер сұранысқа ие болуы мүмкін: мысалы, гаджеттер, VR-ойындар немесе қуаттау құрылғыларын сататын автоматтар. Ал классикалық дискілер форматының болашағы бұлыңғыр.
«Ескі үлгідегі» шаурма дүңгіршіктері
Соңғы мысал – брендсіз әрі сапа бақылауынсыз шаурма сататын көше нүктелері. Бұрын мұндай бизнес табысты еді: арзан тамақ әрқашан өз клиентін табатын. Бірақ қазіргі тұтынушылар тамақ сапасына мұқият қарайды. Оларға баға ғана емес, санитарлық норма, сервис, бренд және жеткізу қызметінің болуы да маңызды. 2026 жылы күмәнді шаурма дүңгіршіктері шығыннан басқа ештеңе әкелмейді. Ал заманауи балама – брендтелген фудтрактар, қосымша жеткізу қызметі бар жылдам тамақтану орындары немесе жаңа форматтағы көше тамақтары.
Барлық аталған бизнес-идеяның ортақ тұсы бар: олар ескірді. Технологиялар, цифрландыру және тұтынушылардың жаңа әдеттері оларды тиімсіз етті. Бүгін видео жалға беру, газет сату немесе көшірме орталық ашу– тек қаржылық шығынға апарады. Дегенмен, әр идеяны қайта ойлап, жаңа трендтерге бейімдеу арқылы ескі форматтағы кәсіпке жаңа өмір сыйлауға болады.
Бұған дейін 2025 жылы іске асырып, жылдам табыс табуға болатын үздік бизнес-идеялар туралы мақала жазған едік. Бүгінде елімізде бизнес бастап, 1,5 млн теңге қайтарымсыз грант алуға болады.