«Қайрат» жастар құрамасы «Реалға» есе жіберді

Алматыдағы Т. С. Сегізбаев атындағы академия стадионында өткен УЕФА жастар лигасының екінші тур ойынында «Қайрат» U-19 командасы мадридтік «Реалдың» жасөспірімдер құрамасымен күш сынасты.
Алғашқы минуттардан-ақ испандықтар басымдықты өз қолына алды. 8-минутта Хайме Барросо есеп ашса, араға 10 минут салып Виктор Вальлепеньяс екінші голды соқты. 38-минутта қонақтар үшінші голын соғып, бірінші таймды сенімді басымдықпен аяқтады.
Екінші таймда алматылықтар қарымта қайтаруға тырысты. 58-минутта Исмаил Бекболат бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Алайда 77-минутта Джакобо Ортега Конде тағы бір гол енгізіп, кездесудің соңғы нүктесін қойды — 4:1.
Айта кетейік, матч барысында «Қайраттың» Азамат Тұяқбаев пен «Реалдың» Ортега Конде пенальтиден мүлт кетті.
Еске сала кетсек, бірінші турда алматылықтар Португалияда «Спортингке» 2:3 есебімен жол берген болатын. Ендігі ойынды «Қайрат» 21 қазанда өз алаңында кипрлік «Пафосқа» қарсы өткізеді.