
Әлем футболының ең қымбат ойыншыларының бірі саналатын Килиан Мбаппенің байлығы $100 млн-нан (54,2 млрд теңге) асады. Жоғары жалақы мен миллиондаған жарнамалық келісімшарттар оған Роналду мен Неймардың коллекцияларына тең келетін автопарк жинауға мүмкіндік берді. Алайда бір қызығы – футболшының әлі күнге дейін жүргізуші куәлігі жоқ.
Мбаппенің анасы Файза Ламаридің айтуынша, Парижде қауіпсіздік жағдайына байланысты ұлы емтихан тапсыра алмаған, ал Мадридте мүмкіндік мол болғанымен, Килиан өзі «емтихан маған қызықсыз» деп тапсырмаған. Футболшы Bleacher Report-қа берген сұхбатында:
«Жүргізуші куәлігі ешқашан мен үшін басымдық болмаған. Менің әрдайым жанымда жүргізушілер болды», – деген еді.
Суперкарлар мен көліктері
Мбаппенің гаражында әлемнің ең қымбат әрі танымал көліктерін кездестіруге болады:
- Ferrari 488 Pista – 720 ат күшіне ие, құны шамамен €500 мың (317 млн теңге).
- Ferrari 458 – аты аңызға айналған Михаэль Шумахердің талғамына сай жасалған суперкар. Бағасы – €300 мың (190 млн теңге).
- Ferrari SF90 Stradale – 1 000 ат күшінен асатын алғашқы толық жетекті гибридті Ferrari. Құны – €600 мың (381 млн теңге).
- BMW i7 M70 xDrive – Мадридке келгенде сыйға алған электроседан. Бағасы – €180 мың (114 млн теңге).
- Volkswagen Touareg (~€120 мың немесе 76 млн теңге) және Volkswagen Tiguan (~€57 мың немесе 36 млн теңге).
- Audi A6 – бизнес-класстағы классикалық седан.
- Range Rover – демалыс пен ресми кездесулерге арналған сәнді жол талғамайтын көлік.











Отбасына арналған көліктер
Футболшы көбіне жайлы әрі кең көліктермен жүреді:
- Mercedes-Benz V-Class (~€135 мың немесе 85 млн теңге).
- Volkswagen Multivan (~€80 мың немесе 50 млн теңге).
Жақындарының айтуынша, Мбаппе көбіне осы минивэндермен жүреді және әрқашан күзетшілері немесе отбасымен бірге болады.
Осылайша, Мбаппенің автопаркі – оның футболдағы мәртебесін айқындайтын көрсеткіш. Бірақ бір қызығы, әлемдік деңгейдегі жұлдыз қымбат көліктерін әзірге тек жолаушы орнынан тамашалап жүр.
Айта кетейік, жуырда «Реал» шабуылшысы UEFA Чемпиондар лигасына арналған Hublot компаниясының лимиттелген сағатын таныстырды.