Жаңалықтар

Банк қызметкері алаяқтарға қомақты қаражатты заңсыз рәсімдеуге көмектескен

Фото: kursiv.media архивінен

«БанкЦентрКредит» қызметкері алаяқтарға 155 млн теңге жеңілдетілген несиені заңсыз рәсімдеуге көмектескен. Бұл туралы Қаржылық мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Күдікті әйел 2023 жылы  «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры субсидиялайтын мемлекеттік жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын пайдаланып, «Банк ЦентрКредит» АҚ-нан жалпы сомасы 115 млн теңге болатын екі несие рәсімдеген. Күдікті алаяқтық жолмен ұлының атынан берілген сенімхат негізінде әрекет еткені анықталған.

Алаяқтық жолмен банкке жалған құжаттар ұсынып, мүлікті кепілге қою бойынша да жалған бағалау актілерін ұсынған. Сондай-ақ нарықтық құнына сәйкес келмейтін мүлік иелерін аффилирленген тұлға ретінде осы іске тартқан.

Қатерлі ісікпен ауырған әйелдің атына несие рәсімдеген

Күдіктілер сонымен бірге 2023 жылдың желтоқсан айында қатерлі ісікпен ауырған әйелдің атына 155 млн теңге көлемінде тағы бір несие рәсімдеген.

Олар науқастың электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, оның атынан нан пісіру жабдықтарын сатып алу желеуімен несие рәсімдеген. Солайша жалған келісімшарттар мен шот-фактуралар, орындалған жұмыстар туралы құжаттарды өткізген.

«Әйел қайтыс болғаннан кейін де, ұйымдастырушылар жалған құжаттарды кейінгі күнмен рәсімдеуді жалғастырған. Тергеу барысында банк қызметкерінің несие өтінімдерін рәсімдеуге көмектескені үшін 500 мың теңге көлемінде сыйақы алғаны анықталды», – делінген агенттік хабарламасында.

Алаяқтардың бұл әрекетінің нәтижесінде банкке 155 млн теңге шығын келтірілген.

Бұл іске қатысы бар күдіктілердің кінәсі дәлелденіп, сот әрқайсысына 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Заңсыз алынған қаражатқа сотталушылар демалыс базасын, 2 мың шаршы метр жер телімін, Астанадан коммерциялық жылжымайтын мүлік сатып алған. Бұл мүліктің барлығы да мемлекетке қайтарылған.