Қазақстан арқылы әлемнің ең ірі сауда нарықтарына жол ашатын 5 теміржол дәлізі өтеді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қазақстан арқылы өтетін теміржолдар жүк тасымалын 5 есе арттырмақ / фото: Ақорда
Қазақстан арқылы өтетін теміржолдар жүк тасымалын 5 есе арттырмақ / фото: Ақорда

Қазақстан арқылы әлемнің ең ірі сауда нарықтарына жол ашатын 5 теміржол дәлізі өтеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Қазір «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылып жатыр.

Көлік-логистика бизнес-форумы

Қасым-Жомарт Тоқаев New Silk Way VII Халықаралық көлік-логистика бизнес-форумының ашылуымен құттықтап, бүгінгі іс-шараның мән-маңызы ерекше екеніне тоқталды.

«Бәріміз «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісінің ресми ашылуына куә болып отырмыз. «Достық – Мойынты» жолы – шын мәнінде аса маңызды инфрақұрылым жобасы. Бұл жоба Қазақстанның көлік-логистика жүйесінің дамуына, оның тиімділігін нығайтуға айрықша серпін беретіні сөзсіз», – деді Тоқаев.

Президенттің пікірінше, бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі теміржол құрылысы. Еліміз үшін айрықша стратегиялық маңызы бар жоба.

Қазақстан арқылы өтетін теміржол және транзиттік әлеует

«Жұмысшыларымыз үш жылға жуық уақыт бойы күні-түні табанды еңбек етті. Осындай белсенді жұмыстың арқасында теміржол мерзімінен бұрын іске қосылмақ. Мұны, шын мәнінде, тарихи сәт деуге болады. Бұл – баршаңызға ортақ қажырлы еңбектің жемісі. Бәріңізді шын жүректен құттықтаймын! Зор ризашылығымды білдіремін», – деді Тоқаев.  

Президент 5 теміржол дәлізінің жүк тасымалын 5 есе арттыратынын алға тартты. Сонымен қатар тауар жеткізу мерзімін қысқартып, елдің транзиттік әлеуетін күшейтеді.

Тоқаевтың мәлімдеуінше, Қазақстан қазіргі уақытта Еуразиядағы басты транзит хабының біріне айналды.

35 млрд доллар инвестиция

«Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты жалғап тұр. Жеріміз арқылы 5 теміржол дәлізі өтеді. Оның бәрі әлемнің ең ірі сауда нарықтарына жол ашады. Біз көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән береміз. Соңғы он жылда осы салаға шамамен 35 миллиард доллар инвестиция салынды. Мен халыққа Жолдауымда бірқатар жобаны уақтылы жүзеге асыру туралы нақты тапсырма бердім», – деді президент.

Тоқаев жақын болашақта 5 мың шақырым теміржол салу жоспарланып отырғанын айтты. Мұнымен бірге 11 мың шақырым теміржол жөнделеді.

«Қазір «Мойынты – Қызылжар» теміржолы салынып жатыр. Қызылжар станциясынан Ақтау портына дейінгі учаскелер жаңғыртылады. Бұл бағдар – Транскаспий халықаралық көлік бағдарының басты бөлігі. Мұның бәрі Еуропа пен Азияның арасын жалғап, Транс-Қазақстан теміржол бағытының, яғни Орта дәліздің қарқынды дамуына ықпал етеді», – деді Президент.

Мұның алдында Руслан Желдібай Тоқаев пен Трамптың бірге түскен суретін жариялаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз