Жаңалықтар

NASA 2035 жылға дейін Айға қоныс салмақ

NASA 2035 жылға дейін Айдағы метериалдардан ғарышкерге арнап қоныс тұрғызуды жоспарлап отыр / фото: Kursiv.Media мұрағаты
NASA 2035 жылға дейін Айдағы метериалдардан ғарышкерге арнап қоныс тұрғызуды жоспарлап отыр / фото: Kursiv.Media мұрағаты

NASA 2035 жылға дейін Айға астронавтар үшін қоныс салуды көздеп отыр. Бұл Сиднейде өткен Халықаралық астронавтика конгресінде айтылды.

Interfax ақпаратына қарағанда, бұл туралы агенттіктің басқарма басшысының міндетін атқарушы Шон Даффи мәлімдеген.

Жай ғана база емес

«Біз Айда адамдар үшін тұрақты өмір сүру жағдайларын жасағымыз келеді, – деді Даффи. – Бұл жай ғана алдыңғы база емес, тұтас қоныс болады».

Оның айтуынша, қоныстың тіршілігін қамтамасыз ету үшін атом энергиясы пайдаланылмақ. Салмағы 15 тоннадан аз реактор 100 кВт электр қуатын өндіре алады. Бұл мөлшер 14 ай түнінде, күн панельдері жұмыс істемейтін кезде, Ай базасын электрмен қамтуға жеткілікті.

NASA: Сол жерде қаламыз

 «АҚШ Айға қайта оралады. Бұл жолы туымызды тіккен соң, сол жерде қаламыз», – деп мәлімдеді Даффи. Қоныс тұрақты түрде астронавтарды қабылдай алатын болады. Ол Ай бетінде табылған материалдардан тұрғызылады.

Алдағы жылдың ақпан айында NASA Artemis II миссиясын іске қоспақ. Онда төрт астронавт қатысып, соңғы 50 жылдан бергі алғашқы адам қатысқан Ай экспедициясына аттанады.

Сынақтан өтетін ғарыш кемелері

Бірақ олар Жердің табиғи серігінің бетіне қонбайды. Artemis II барысында астронавтар Space Launch System зымыранын және Orion ғарыш кемесін сынақтан өткізеді. Соңында бұл кемелер адамдарды Айға жеткізеді деп жоспарлануда. 10 күн ішінде экипаж Айды айналып ұшып, кейін Жерге оралады.

Алайда NASA үшін негізгі сынақ 2027 жылдың ортасында өтпек. Ол кезде Artemis III миссиясы басталады. Оның аясында екі астронавт Айдың оңтүстік полюсіне жақын маңға қонбақ.

База салуға дайындық

Қыркүйекте Даффи айтқандай, Artemis III миссиясында астронавтар Айда 8-12 күн аралығында болады. Олар жинаған геологиялық деректер мен оңтүстік полюстегі жағдайларға қатысты мәліметтер Айда тұрақты база салуға дайындық үшін қолданылады.

NASA Трамптың президенттік мерзімі аяқталғанға дейін Айға тағы да адам ұшыруды жоспарлап отырғанын жазған едік.