
Белгілі әнші Нұрлан Еспановтың ұлы Олжас Еспанов «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчына арналған билеттерді бірнеше есе бағамен сатып жатыр. Ол инстаграмдағы парақшасында кемінде жиырма шақты билетті саудаға шығарды.
Олжас Еспанов Орталық Стадиондағы шығыс сектордағы 1-18 қатардан 20 билетті сатты. Бір билет бағасы 494 000 теңгеден басталып, 768 мың теңгеге дейін жетеді. Одан бөлек «Қайрат» қызметкерлері үшін берілген тегін шақыру билеттерін 500 мыңға саудалады.
«34 сектор, 9 қатар, 7-8. Бір билет бағасы – 500 мың теңге. Бұл Қайрат қызметкерлеріне арналған шақыру билеттері. ЖСН-сіз, кіретін кезде QR код сканерлейсіз де өтесіз. Жеңілдік жасай аламын», – деп жазды ол.
«Мен тек сатып бердім»
Дәл осылай Сәкен Майғазиевтің ұлы Әділет Майғазиев те билеттер сатты. Ол 9,14,1,8 қатардағы билеттерді 350 мың теңгеден саудалаған. Қазір Олжас Еспанов та, Әділет Майғазиев те стористерін өшіріп тастады. Kursiv.Media тілшісіне Олжас Еспанов «алыпсатарлықпен айналысты» деген айыппен келіспейтінін айтты. Ол билеттер өзіне тиесілі емес екенін, тек өзгелердің ұсынысымен парақшаға салып бергенін айтты.
«Оны сол сатып жатқан адамнан сұрасаңыздаршы, менен емес. Мен тек парақшама салып бердім, болды. Ондай билеттер болса өзім бармаймын ба? Маған сатты деп жала жаппаңыздар, мән-жайды біліп жазыңыздар», – деді ол жауабында.
Өзінен нақты ешкім билет сатып алмағанын да айтып өтті.
«Менен ешкім билет алған жоқ, оған 100% кепілдік бере аламын», – деді ол.

Kursiv.Media редакциясы билеттер бағасын бірнеше есе өсіріп сату алыпсатарлық емес пе деген сұрақпен ІІМ сауал жолдады.
Еске салайық, тарихи матчқа билеттер бағасы ресми түрде 30-250 мың теңге аралығы. Футбол клубы мен Киберқылмысқа күрес басқармасы үшінші тұлғалардан билет сатып алған жанкүйерлер матчқа кіре алмай қалады деп ескерткен еді.
Әр жанкүйер ең көп дегенде екі билет сатып ала алады.