
Қазақстандық Higgsfield AI стартапының құны 1 млрд доллар деп бағаланып, ел тарихында алғаш рет unicorn (сыңармүйіз стартап) мәртебесіне ие болды. Unicorn деп құны 1 млрд доллардан асқан стартап-компанияны айтады. Бұған дейін мұндай деңгейге Kaspi.kz, Freedom тәрізді ірі корпорациялар жеткен. Бірақ қазақстандық стартап компанияның 1 млрд долларға бағалануы алғаш рет болып отыр.
Higgsfield AI немен айналысады?
Higgsfield AI – әртүрлі форматтағы видеолар жасауға болатын платформа. Яғни қолданушы мәтін түрінде тапсырма береді, қосымша оны анимациялап, түрлі стильдегі видеоға айналдыра алады. Кинематографиялық стильдегі эффектілер болғандықтан, оны толыққанды бейнебаян жасауға да пайдаланады. Платформаны қолдану ақылы, 9-149 доллар аралығында төлеу керек.
Стартап негізін қалаушысы – ЖИ зерттеуші Ерзат Дулат. Ол 2016 жылдан бастап машиналық оқытуға қызығып, зерттей бастайды. Сөзінше, стартап жасауды әу бастан ойлаған, бірақ ЖИ танымал болатын сәтті күткен. 2023 жылы Higgsfield AI идеясын қағазға түсіріп, венчурлық инвестор Мұрат Әбдірахмановқа таныстырады. Ол 250 мың доллар беріп, Ерзат команда жинауға кіріседі.
Жобасын ары қарай жетілдіру үшін тәжірибелі адам іздейді. Snap Inc компаниясындағы ЖИ-ды генерациялау бөлімінің жетекшісі болған Алекс Машрабпен танысады. Бүгінде ол Higgsfield AI-дың негізін қалаушысының бірі деп саналады. Қазір компанияда 30-ға жуық маман бар, басым көпшілігі – қазақстандықтар.
Компания жылдам өсті. Құрылғанына бір жыл болғаннан кейін, 2024 жылы сәуірде 8 млн доллар инвестиция тартты. Инвесторлар қатарында AI Capital және Menlo Ventures венчурлық қоры бар. Кейінірек өзге де шетелдік инвесторлар тағы 8 млн доллар берді.
Америкалық жобалармен бәсекелестік
2025 жылы стартап қолданушылар арасында кеңінен танымал бола бастады. X желісінде Higgsfield AI моделімен жасалған роликтің бірі 11 млн қаралым жинады, бұл тіпті АҚШ-тағы бәсекелестерімен салыстырғанда көп. Қолданушылар қазақстандық стартап өзге ЖИ-модельдермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы екенін жаза бастады.
Жоба Қытайда да танымал болды. Елдегі ең ірі блогерлер Higgsfield AI-мен видео жасап, оның танымал қытайлық желі Weibo-да жариялады. Ол роликтер миллиондаған рет қаралды.
Танымал актер Уилл Смит, Снуп Дог, Мадонна және Златан Ибрагимович те Higgsfield AI-мен видео жасады. Халықаралық компаниялар да платформаны айналып өтпеді. Француздың Sandro киім бренді мен испанның MELLER көзілдірік бренді де жарнамалық видеоларына Higgsfield AI-ды пайдаланды.
Компания СЕО-ларының сөзінше, қосымшаны тіпті Илон Маск та қолданған.
Марк Цукербергтің ұсынысынан бас тарту
Higgsfield AI стартапына нарықтағы ірі ойыншылар назар аударды. Осы жылдың тамызында Ерзат Дулат компанияны Meta сатып алғысы келетінін жариялады. Бірақ стартап мәміледен бас тартты.
«Марк Цукерберг видео генерациясына байланысты AI-стартап сатып алғысы келген. Higgsfield AI әлеуметтік желілерде қамту көрсеткіші бойынша көшбасшыға айналғандықтан, оның тізімінде бірінші кандидат болдық. Meta компаниясының топ-менеджерлері бізге ұсыныспен шықты. Нақты соманы айта алмаймын, бірақ жүздеген миллион доллар төңірегіндегі ақша. Бұл – компанияның бағалау құнына тең. Командамызбен бірнеше апта ойландық. Higgsfield AI әлі жас компания, бізге екі жыл да толған жоқ. Дегенмен, мәміледен бас тартуға шешім қабылдадық», – деп түсіндіреді Ерзат Дулат.
Оның сөзінше, қазірігі өсімін сақтаса, компания бір жылдан кейін-ақ әлі он есе қымбат болады.
«Команда ұсынысымды қолдады. Біздің жігіттер алдына үлкен мақсат қойған, олар мега өнім жасағысы келеді. Қазір GenAI – әлі бастапқы кезеңінде. Алдағы бір-екі жылда ЖИ-ді генерациялау технологиясы тұрмысымызға әбден дендеп енеді. Қазір Instagram мен Google-ді пайдаланғандай күнде қарайтын жағдайға жетеді. Сол кезде компания құндылығы мүлде басқаша деңгейде болады», – деді Ерзат Дулат.
1 млрд долларға бағалану
Higgsfield AI стартабы 1 млрд долларға бағаланғаны жайлы компания негізін қалаушысының бірі Алекс Машрабов 29 қыркүйекте мәлімдеді.
«Бүгін Higgsfield AI-дың жылдық түсімі 50 млн доллардан асып, тұңғыш қазақстандық unicorn атанғанын ресми жариялағым келеді. Бұл күтпеген жерден болды. Соңғы 15 жылда елде бұған қол жеткізген стартап болмаған. Компаниямызға Menlo Ventures тәрізді ірі әлемдік қорлар инвестиция салды. Біз алғашқы қазақстандық unicorn-ды құрдық», – деді ол Назарбаев университетіндегі кездесуінде.
Higgsfield AI тәжірибесі – Қазақстаннан әлемдік масштабтағы компаниялар шыға алатынының дәлелі. Инвесторлардың сөзінше, тағы бір отандық unicorn шығуы әбден мүмкін.