
Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күндізгі сауда барысында 1 АҚШ долларының құны 549,06 теңге болды. Айырбас пунктерінде көк қағаз 552 теңгеден сатылып жатыр.
Осы аптада доллар қатты көтерілді. Бір күн бұрын қор биржасы 548,50 теңгемен жабылған. Бүгін төл валюта тағы 0,29 теңгеге әлсіреді.
Ақша айырбастау мекемелерінде бір долларды 552 теңгеден сата бастады. Kurs.kz мәліметінше, Алматы қаласында 1 доллар 548,8 теңгеден қабылданып, 550 теңгеден сатылып жатыр. Астанада, әдеттегідей, баға сәл жоғарырақ – 547 және 552 теңге.
Қаржыгерлер ұлттық валютаның құнсыздануын мұнай бағасымен байланыстырды. Әлем нарығында қара алтын құны түсіп жатыр. Бұған қоса, әр айдың аяғында шетел валютасына сұраныс артады. Өйткені қазақстандық компаниялар сыртқы берешегін өтейді. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы теңгенің құнсыздануынан шетел тауарларының бағасы көтеріліп, инфляция тереңдей түсетінін ескертіп отыр.