Қазақстан Қытайға 100 автокөлік экспорттады

Жарияланды 30 Қыркүйек 2025 16:31

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Қазақстан көліктерін негізінен Қырғызстан, Беларусь, Қытай елдері алады/ Фото: kursiv.media архиві

2025 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанға 134 366 жаңа және жүрілген жеңіл автокөлік импортталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 59,4%-ға көп. Бұл туралы Kursiv.media autoreport.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанға жеңіл көліктер негізінен Қытай, АҚШ және Жапониядан әкелінген.

Автокөлік жеткізуші елдердің алғашқы ондығы:

  • Қытай – 94 606 бірлік (2024 жылдың қаңтар-шілде айымен салыстырғанда +247,5%);
  • АҚШ – 12 891 (-29,3%);
  • Жапония – 10 377 (-11,2%);
  • Оңтүстік Корея – 6 411 (-23,9%);
  • Ресей – 5 912 (+217,9%);
  • Германия – 1 817 (+23,3%);
  • Канада – 605 (-41,6%);
  • Мексика – 358 (+90,4%);
  • Словакия – 250 (+257,7%);
  • Ұлыбритания – 218 (+79%).

Айта кетейік, есептік кезеңде Қазақстан Өзбекстаннан небәрі үш жеңіл автокөлік импорттаған. 2024 жылдың қаңтар-шілде айларында бұл елден көлік жеткізілмеген болатын.

Ал экспортқа келер болсақ, 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан шетелге 683 жеңіл автокөлік жөнелткен. Ең көп көлік жөнелтілген елдер – Қырғызстан (240), Беларусь (104) және Қытай (100).

Еске салайық 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Hyundai және Lexus брендтерін сатуда ең ірі нарықтардың бірі атанды.

Сондай-ақ оқыңыз