Жаңалықтар

Қазақстан жалақы өсімі бойынша ЕАЭО-да соңғы орында

ЕАЭО: Қазақстанның жалақы деңгейі бірқатар салада төмендеді / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан ЕАЭО елдері арасында кей салалардағы жалақы өсімі бойынша артта қалды.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтағы (ЕАЭО) елдер арасында орташа жалақы деңгейі бойынша тек бір салада ғана көш бастады. Бұл – таукен өндірісі мен карьерлерді қазу саласы.

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) жариялаған деректерге сәйкес, осы салада орташа жалақы 1831 АҚШ долларын (1млн 302мың) құрады. Бұл көрсеткіш Ресейдегі тиісті жалақыдан 18 долларға жоғары.

Ал бір жыл бұрын Қазақстан 19 саланың 6 саласы бойынша орташа жалақыда одақ елдерінен алда тұрған болатын. Олар:

  • Өңдеу өнеркәсібі
  • Құрылыс
  • Көлік және қоймалау
  • Тұру және тамақтану қызметтері
  • Әкімшілік қызмет және оған қосымша қызмет түрлері

Сарапшылар бұл динамиканы экономикалық өзгерістермен, валюта бағамдарының айырмашылығымен және еңбек нарығындағы бәсекелестікпен байланыстырады.

Қазақстанның кей салаларындағы жалақы көрсеткіштері төмендеді

2023 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан бірқатар салада орташа жалақы бойынша ТМД елдері ішінде көш бастап тұрған. Бұл үрдіс 2024 жылы да жалғасқан еді, әсіресе келесі алты салада:

  • тау-кен өндірісі
  • қаржы және сақтандыру
  • ақпарат және байланыс
  • көлік және қоймалау
  • кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер
  • өңдеуші өнеркәсіп

Алайда 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіштер өзгерді. Қазіргі таңда Қазақстан тек тау-кен өндірісі саласында ғана бірінші орында қалды. Қалған салаларда орташа жалақы Ресейден төмен болып шықты, ал құрылыс саласында тіпті Беларуське де жол беріп, үшінші орынға түсті.

Бұл динамика Қазақстандағы жалақы өсімінің баяулағанын немесе басқа елдерде, әсіресе, Ресей мен Беларусьте, айтарлықтай өсім байқалғанын көрсетеді.

Нақты өсімге келер болсақ, Қазақстан барлық салада ең соңғы орында. Инфлияцияны есептемегеннің өзінде, құрылыс саласында орташа жалақы төмендеген.

Сарапшылар бұл көрсеткіштерді елдегі инфляциялық қысым, экономикалық өсімнің баяулауы және еңбек нарығындағы өзгерістермен байланыстырады.

Қазақстан ЕАЭО елдері арасында жұмыссыздық бойынша да көш бастап тұр. 2025 жылғы шілденің соңындағы ресми дерекке сәйкес, елімізде тіркелген жұмыссыздық деңгейі еңбек күшінің 3,8%-ын құрап, одақтағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл – 369,1 мың адам.