
Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлері арнайы онлайн платформасы арқылы бөлінетін болады. Учаскелерді беру конкурстарының жеңімпаздары автоматты түрде балл беру жүйесі арқылы анықталады.
АШМ мәліметінше, 2022 жылдан бері Қазақстанда пайдаланылмай жатқан немесе заң бұзушылықтармен алынған 13,7 млн гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 6,2 млн гектары қазірдің өзінде шаруаларға қайта бөлінген. Ал қалған 7,5 млн гектар жерді бөлу жұмыстары жүріп жатыр.
Президент тапсырмасын орындау және қалған жерлерді 2026 жылдың ортасына дейін ауыл шаруашылығы айналымына енгізу үшін министрлік өңірлерге арнайы жоспар жолдады. Бұл жоспар ауыл тұрғындарын жайылым жермен қамтамасыз етуге басымдық береді.
Жер конкурстарының жаңа форматы
Ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу тетігі де жаңарады. Бұл үшін Жер кодексіне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Ұсынылып отырған өзгерістер:
- Жер беру процесін толықтай электронды форматқа көшіру;
- Жеңімпазды анықтау кезінде жер комиссиясын алып тастау;
- Қатысушыларға (инвестиция көлемі, техника, мамандардың бар-жоғы және басқа критерийлер бойынша) автоматты түрде балл беру және конкурс өткізу тетігін ашық ету;
- Конкурс өткізу мерзімін екі есеге дейін қысқарту.
Цифрлық жер картасы
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлерінің бірыңғай ашық цифрлық картасы жасалуда. Жалпы көлемі 197,9 млн гектар болатын жер учаскелері цифрландырылды. Жобаны 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Жер пайдаланушылар учаскелер туралы толық ақпаратқа онлайн түрде қол жеткізе алады, онда жердің мәртебесін, иесін, мақсаты және пайдалану тарихын көруге болады.
Еске салсақ осыған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қапшағайдағы жерді заңсыз иемденгендердің аты-жөнін жариялайтынын айтқан болатын.Депутаттың бастамасымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы 82 жер учаскесі тексеруден өткен.