
Шымкентте 22 мыңнан аса баланың әкесі, не шешесінен алимент өндіріледі. Бүгінде борышкерлердің берешегі 4 млрд 640 млн теңгеге жеткен. Алимент төлеушілердің ішінде әйелдер де бар.
Шымкентте 14 мыңға жуық адам алимент төлеуден жалтарып жүр. Салдарынан алимент берешегі 4 млрд 640 млн теңгеге жеткен. Бұл туралы қала прокурорының көмекшісі Бауыржан Мырзаәлиев Kursiv.Media хабарлады. Оның пікірінше, алимент өндіру әлеуметтік маңызы жоғары істердің санатына жатады. Биылғы жылдың бүгінгі күніне дейін прокуратураның араласуымен мәжбүрлі түрде 600 миллион теңгеден аса алимент өндірілген.
«Биыл алимент төлеу туралы сот шешімін орындамағаны үшін 291 борышкер әкімшілік жауапқа тартылды. Оның ішінде 195 борышкерге қатысты 5 күнге әкімшілік қамаққа алу туралы жаза тағайындалды. Қалғаны айыппұл төлеуге міндеттелді. Әкімшілік жауапқа тартылғаннан кейін де әлимент төлемей жүрген борышкерлер қылмыстық жауапқа тартылады. Мысалы, жыл басынан осында 81 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде 72 қылмыстық іс сотқа жолданды. Олардың 33-інің бас бостандығы шектелді. Біреуіне 6 айға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды», – деді Мырзаәлиев.
Прокурордың сөзінше, борышкерлердің дені алиментті уақытылы төлемеу себебін жұмыстың жоқтығы, табыстың болмауынан деп түсіндіреді. Сот орындаушылары еңбек-мансап орталығына жолдама бергенімен, олар түрлі сылтаумен жұмыс істеуден қашқақтайды. Мұның соңы жазаға тартылумен аяқталуы мүмкін. Түптеп келгенде мұның зардабын балалар көреді. Ал қалада алиментке зәру бала саны 22 мыңнан асады.
«Заң тәртібіне сәйкес алимент өндіру туралы өндіріп алушылар сотқа арыздануына болады. Сот актісін шығарып береді. Нәтижесінде кәмелет жасқа, яғни 18 жасқа толғанға дейін балаға алимент өндіріріп алуға болады. Алимент көлемі бала санына қарай белгіленеді. Егер отбасында бір бала болса, табысының төрттен бір бөлігі өндіріледі. Екі бала болса үштен бір бөлігі, ал 3 не одан көп болса табысының жартысы беріледі», – деді прокурор.
Сот ерлі-зайыптылар ажырасып бөлек кетсе де, не бірге тұрса алимент төлетуге міндеттей алады. Бұл заңмен шешіліп, реттелген. Онда да алимент көлемі әдеттегідей есептеледі.
«Көпшілік «ажыраспай жатып қалай алимент төлейді» деп түсінбейді. Мысалы, кейбір отбасында ер адам тапқан табысын үйге әкелмеуі мүмкін. Сол кезде әйелі сотқа тиісті арыз-шағыммен шығады. Және сот істі жан-жақты қарап, шешім шығарып береді. Бұл жағдайда алимент жұмыс орнынан және бугалтериядан өндіріп алушыға тікелей аударылып отырады», – дейді Мырзаәлиев.
Ресми дерекке қарағанда, жыл басында сот орындаушыларға 16 мыңға жуық алимент өндіру туралы іс түскен. Оның екі жарым мыңнан астамы орындаусыз қайтарылған. Яғни, ерлі-зайыптылар татуласып, қайта қосылған және алимент талап етуші өтінішін қайтарып алған. Егер алда ерлі-зайыптылар ажырасса, балаға қараушы әйел не еркекке қайта алимент өндіру құқығы беріледі. Алимент тек еркектерден өндірілмейді. Мысалы, Шымкентте 181 әйел сотпен балаларына алимент төлеуге міндеттелген. Әйелдерден алимент өндіруге арызды көбін балалар үйі сияқты мекемелер тастаған.