Шымкентте құрылыста 24 жастағы жігіт қайтыс болды

Жарияланды
Шымкентте құрылыс алаңында 24 жастағы жігіт қайтыс болды/ Фото: shutterstock

Шымкентте құрылыс алаңында 24 жастағы жігіт қайтыс болды. Бейресми ақпаратқа қарағанда, марқұм құрылысы аяқталмаған жеделсатыдан құлап мерт болған. Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.

Шымкентте жаңадан салынып жатқан тұрғын үйден 24 жастағы Үмітжан Балтабаевтың денесі табылды. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, ол құрылысы бітпеген үйдің жеделсатысынан құлап мерт болған. Қайғылы оқиға жұмыс уақытында болған. Марқұмның жақындары іс қозғалмағанына, көмек берілмегеніне шағымданған.

Марқұмның туыстары қайғылы оқиғаны растағанымен, оған қатысты қандай да бір пікір беруден бас тартты. Құрылысқа жауапты мекеме де бұл туралы тіс жармады. Ал еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне құрылыс алаңындағы адам өлу фактісін полиция хабарлаған.

«Оқиға туралы ақпарат полициядан келіп түсті. Ол хатта «Aina Mare House» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты тұрғын үй құрылысында Үмітжан Балтабаевтың белгісіз жағдайда құлап, қайтыс болғаны мәлімделген. Осы жағдай бойынша біздің тарапымыздан тексеру жүргізу үшін жұмыс беруші тарапынан бір тәулік ішінде берілетін хабарлама болуы керек. Сол хабарлама негізінде еңбек инспекциясы арнайы комиссия құрып, 10 жұмыс күнінде тергеп-тексеру жүргізеді. Бізге бүгінгі күнге дейін жұмыс беруші тарапынан ешқандай хабарлама келіп түскен жоқ», – деді Еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы Әлжан Мадалиев.

Мадалиевтің сөзінше, марқұмның дәл сол серіктестікте жұмыс істегені, не істемегені әзірге беймәлім. Инспекция тексеру тағайындау үшін прокуратурадан келісім алуы туралы полицияға хабарланған. Прокуратура келіскен жағдайда кәсіпорынға жоспардан тыс тексеру жүргізеді.

Қалалық полиция департаменті жазатайым оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу амалдары басталғанын мәлімдеді.

Ресми мәлімет бойынша, Шымкентте жыл басынан бері жұмыс уақытында 17 адам жарақат алып, олардың алтауы қайтыс болған. Қайғылы оқиғаларға қатысты екі іс сотқа өткен. Қалғаны тергеліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз