Елде екі АЭС салынса, кадр тапшылығы болмай ма

Екінші АЭС те Алматы облысының Жамбыл ауданында салынады деп жоспарланып отыр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, тағы бір нысан салынғанымен, кадр тапшылығы болмайды.
«Кадр даярлауды бірден қолға алдық. Қазірдің өзінде бірнеше ұлттық университет базасында, оның ішінде әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Сәтпаев университеті, Шығыс Қазақстандағы және Түркістандағы университетте арнайы бағдарлама ашылды. Биылдан бастап шығыстағы оқу орны МАГАТЭ бекіткен бағдарлама негізінде білім беріп жатыр», – дейді Саясат Нұрбек.
2026 жылы Францияның атом электр энергетикасы саласындағы ең мықты Гренобль университетінің филиалы ашылады. Сондай-ақ Кореяның KAIST ұлттық зерттеу институты ашылады деп жоспарланған. Ол жерде ядролық физика бағдарламасы болады.
«Қажет деңгейде инженер, ядерщиктерді дайындаймыз. Тек Ресейдің ғана емес, АҚШ, Франция, Қытайдың да тәжірибесін қолданамыз», – деді министр.
Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысының нақты қашан басталатыны белгісіз. Сәтқалиевтің сөзінше, құрылысқа дайындыққа үш жыл кетуі мүмкін.