
Алматының орталық стадионында алматылық «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасында матч өтті. Ойын чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында өткен. Есеп 0:5. «Қайрат» өз алаңында есе жіберді.
Ойыннан кейін әлеуметтік желіде матчты тамашалауға келгендердің фото-видеосы тарап жатыр. Мәселен VIP-Premium қатарында «Қайрат» клубының басшысы Қайрат Боранбаев, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Футбол федерациясының президенті Марат Омаров бар.
Сондай-ақ көпшілік футболға Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың барғанын жазып жатыр. Экс-президенттің Боранбаев пен Сатыбалдының ортасында отырғанын айтады. Алайда желіде тараған фотодан ол орында Құралбек Ордабаевтың отырғанын көруге болады.

Құралбек Ордабаев кім?
Құралбек Ордабаев – футболшы, қақпашы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы. 70-жылдары еліміздің ең үздік қақпашысы болған. 1996-2000 жылдары Қазақстан футбол ассоциациясының президенті, 2002 жылы «Қайрат» футбол клубының президенті болған.
Футболға тағы кімдер барды?
Ойын көруге барғандардың арасында Қазақстанның бұрынғы президенті Назарбаевтың жиені Нұрали Әлиев те бар. Ол Instagram желісінде видео жариялаған.
Көрермендердің арасынан Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденовті де көруге болады. Оның матчтағы видеосын кәсіпкер Бейбіт Әлібеков жариялаған.
Айта кетейік, бұған дейін KursivMedia спортқа қаражат бөлетін танымал бизнесмендер, Forbes тізіміндегі миллиардерлер туралы жазды.