Сауда орталықтарына намаз оқитындарға жағдай жасалуы мүмкін

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сауда орталығында аяғын жуған ер адамға қатысты мәлімдеме жасады.
Желіде тараған видеода ер адамның сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде дәрет алып, аяғын жуып жатқан сәті түсірілген. Содан кейін тұрғындар түрлі пікір айтып, азаматтың әрекетін сынады.
Содан кейін діни басқарма азаматтарды қоршаған ортаны құрметтеуге, діни рәсімді орындау кезінде ерекше ұқыптылық танытуға және тазалықты сақтауға шақырды.
«Дәрет алу арнайы бөлінген жерлерде, оның ішінде намазханалардың жанында ғана орындалуға тиіс. Мұндай тәсіл айналадағы адамдарға деген құрметті көрсетеді және мұсылмандардың жоғары мәдениеттілігін сақтауға көмектеседі», – делінген ақпаратта.
ҚМДБ намазхана бар жерлердің өзінде дәрет алуға арналған арнайы орындар жоқ екеніне назар аударған. Соған байланысты діни басқарма сауда ойын-сауық орталықтары басшыларын намазхана бар ғимараттарда арнайы дәрет алу құрылғысын орнатуға шақырды.