Жаңалықтар

ЖИ университетін ашу үшін Саясат Нұрбек АҚШ пен Үндістанға барады

Саясат Нұрбек жыл соңына дейін оқу орнының концепциясын әзірлейді/фото: kursiv.media

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университетін ашуды тапсырды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстанға қажет модельді енгізу үшін әлем университеттерін зерттеу қажет.

«Тапсырманы қабылдап алдық, енді барлық нұсқаны қарастырамыз. Қазір университеттің қай жерден қалай ашылатынын нақты айта алмаймын. Әлемдік тәжірибеде де бірнеше нұсқасы бар. Біріккен Араб Әмірліктерінде Мұхаммед бен Заид атындағы мамандандырылған жасанды интеллект университеті зерттеумен айналысады. Тек магистратура мен докторантура деңгейінде білім береді», – дейді министр.

Екінші нұсқасы – бакалавриат деңгейінде маман даярлау. Ведомство елімізге қажет модельді енгізу үшін бірнеше елдегі тәжірибені зерттейді.

«Үндістанда да жасанды интеллект университеті ашылды, ол тек бакалавриат деңгейінде маман даярлайды. Ол университетке келген студент «мен миллиардер болғым келеді» деп айтады. Барлық курс жасанды интеллектіге негізделген. Соның бәріне қарап сараптама жүргіземіз. БАӘ, АҚШ, Үндістанға барып, зерттейміз. Барлық нұсқаны қарап, Қазақстанға ең қажетін алып келеміз», – деді Саясат Нұрбек.