
Қазақстан АЭС құрылысына қажет қаржыны Ресейден қарызға алатыны белгілі. Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев оны вендор мемлекет береді дегенімен, Қазақстан Ресейден қанша қарыз алатынын нақтыламады.
«Егер вендор мемлекет конкурсқа өткізген құжатында қарыз береміз десе, осыны орындауы тиіс. Қазіргі кезде АЭС құрылысына 14 млрд доллар қаржы кетеді десек, тараптардың келуіне қарай, осы соманың 80-90 пайызы вендор есебінен жабылуы керек», – деді Сәтқалиев.
Ал қалған 10-20%-ын қарыз алушы мемлекет – Қазақстан өз бюджетінен шығаруы тиіс.
Яғни Ресей үкіметі Қазақстан үкіметіне қарыз береді. Алайда Сәтқалиев бұл қарыз шарттары әлі нақтыланбағанын айтты. Қазіргі кезде келіссөз жүріп жатыр.
Сарапшылар бұған дейін АЭС құрылысына 10-12 млрд доллар қаржы кетуі мүмкін деген болжам жасаған. Елдегі тұңғыш АЭС-ті Ресейдің «Росатом» компаниясы салады.
Ал екінші және үшінші АЭС құрылысы қытай компанияларына сеніп тапсырылуы мүмкін. Сәтқалиевтің айтуынша екінші атом стансиясы да Алматы облысында бой көтермек.