Жаңалықтар

Экономика тұрақты: Moody’s агенттігі Қазақстанның егемен рейтингін растады

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Халықаралық Moody’s рейтинг агенттігі Қазақстанның егемен рейтингін Baa1 деңгейінде сақтап, болжамын «Тұрақты» деп қалдырды. Бұл шешім елдің қаржылық жағдайы мен экономикалық тұрақтылығына берілген халықаралық бағаның көрсеткіші болып отыр.

Агенттіктің сарапшылары Қазақстанның рейтингін қолдайтын басты фактор ретінде мемлекеттік қарыздың деңгейі төмен екенін атап өткен. Оның көлемі шамамен ЖІӨ-нің 23%-ына тең. Бұл Baa санатындағы елдер арасындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі саналады. Сонымен қатар қарыздың өтелімділігі жоғары деп бағаланды, яғни мемлекет өз міндеттемелерін уақытылы орындауға қабілетті.

Moody’s сондай-ақ Қазақстанның айтарлықтай қаржы резервтерін ерекше атап өтті. Бұл қорлар сыртқы экономикалық шоктарға қарсы маңызды қорғаныс ретінде қарастырылады. Агенттіктің пікірінше, дәл осы фактор елдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп отыр.

Позитивті бағаланған тағы бір қыр – экономикалық өсімнің тұрақтылығы және дағдарыстарға қарсы тұру қабілеті. Қазақстан соңғы жылдары түрлі сыртқы қысымдарға қарамастан экономикалық өсімді сақтап келеді.

Бұған қоса, Moody’s елде жүргізіліп жатқан қаржы реформаларына ла назар аударды. Жаңа түзетулер салық кодексіне енгізілген өзгерістерді қамтиды: қосылған құн салығының ставкасын арттыру, сондай-ақ корпоративтік және табыс салығын қайта қарау. Сарапшылардың пікірінше, бұл шаралар бюджеттің кіріс бөлігін нығайтып, тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Агенттіктің болжамына сәйкес, 2025 жылы бюджет тапшылығы қалыпты деңгейде сақталады, ал мемлекеттік қарыз төмен деңгейде қала береді. Сонымен қатар, жалғасып жатқан институционалдық және экономикалық реформалар елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етуі мүмкін.

Бұған дейін S&P Global Ratings Қазақстан рейтингін «жайлы» деп өзгерткен.