
Қазақстандағы банктердің қайтарылмай жатқан қарызы жылдан-жылға көбейіп барады. Ұлттық банктің дерегінше, қыркүйек айының басында төленбеген мерзімі 90 күннен асқан кредиттердің (NPL 90+) көлемі 1,4 трлн теңгеге жеткен.
Жыл басында бұл көрсеткіш 1,09 трлн теңге деңгейінде болған еді. Яғни ай сайын проблемалық қарыз көбейіп келеді.
Жалпы алғанда, банктердің несие портфелі биыл едәуір өскен: қаңтардағы 35,8 трлн теңгеден қыркүйекте 40,9 трлн теңгеге дейін жетті. Бірақ сонымен қатар мерзімі өткен берешек те артып отыр.
Статистикадан халықтың кредитті төлеуі қиындап бара жатқанын байқауға болады. Жыл басында қазақстандықтардың мойнында 3 ай бойы төленбеген 790 млрд теңге кредит болған. 8 айдың ішінде бұл көрсеткіш 210 млрд теңгеге өсіп, 1,07 трлн теңгеге жетті.
Ал заңды тұлғалардың мерзімі өткен берешегі 303 млрд теңгеден 364 млрд теңгеге жеткен.
Сарапшылар халықтың тапқан табысы жетпегендіктен, қажетін кредитке алып жатыр деп дабыл қағады.