Каспий жағасында тағы бір атом станциясы салынуы мүмкін бе

Каспий теңізінің жағалауында атом энергетикасы нысандарын салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, агенттік жақын арада өңірде арнайы зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр.
«Батыс Қазақстан, Каспий жағалауы шағын және орта қуаттағы ректорлы атом станциясы салыну мүмкін өңір ретінде қарастырылып жатыр», – деді ол.
Сәтқалиев атап өткендей, нысан құрылысы туралы шешім қабылдауда МАГАТЭ ұсынған барлық базалық талап ескеріледі. Олардың ішінде сейсмикалық жағдай, қауіпсіздік, су айдынының болуы және жеткілікті көлемдегі су ресурстарының қолжетімділігі бар. Осы факторларды зерттеу жоспарланып отыр.
Агенттіктің басшысы Қазақстанда мұндай нысандарды пайдаланудағы тәжірибе бар екенін еске салып өтті. Оның пікірінше, шағын және орта қуатты реакторларды тек электр энергиясын өндіру үшін ғана емес, сонымен қатар бу алу және теңіз суын тұщыту үшін де қолдануға мүмкіндік бар.
Ол сондай-ақ 1970–1990 жылдары Ақтауда жұмыс істеген БН-350 реакторын еске салды. Бұл реактор арқылы Каспий теңізінің суы тұщытылып, өңірге қажетті энергия өндірілген. 1990-жылдардан бері қондырғыны кезең-кезеңімен пайдаланудан шығару жұмыстары жүргізілуде.
Бұған дейін Алмасадам Сәтқалиев екінші АЭС те Алматы облысында салынатынын айтқан.