Қазақстан банктерінің таза пайдасы сегіз айда 1,86 трлн теңгеге жетті

Қазақстанның банк секторы 2025 жылғы тамыз айында 223 млрд теңге таза пайда тапты. Ұлттық банк мәліметінше, сегіз айдың қорытындысы бойынша жиынтық табыс 1,86 трлн теңгеге жеткен.
Осылайша, қазақстандық банк секторы тамыз айында айтарлықтай табыс көрсетіп, жылдық жиынтық өсімді сақтап отыр. Көш басында Halyk Bank мен Kaspi Bank тұр. «Банк ЦентрКредит» жоғары серпін көрсетіп, алғашқы үштіктегі орнын нығайтты. Дегенмен, бірқатар банктер, әсіресе BNK Commercial Bank пен Заман-Банк айлық шығынға ұшыраған
Ең ірі табыс тапқан банктер
Айлық көрсеткіш бойынша бірінші орында Halyk Bank келеді. Тамыз айында банк табысын 78,9 млрд теңгеге арттырып, жыл басынан бергі жиынтық пайдасын 652 млрд теңгеге жеткізді.
«Kaspi Bank» екінші орында тұр. Оның табысы бір айда 53 млрд теңгеге өсіп, жалпы 372,4 млрд теңгені құрады. Үшінші орында «Банк ЦентрКредит»: тамызда 19,9 млрд теңге пайда тауып, жиынтық нәтижесін 180 млрд теңгеге жеткізді.
Алғашқы бестікті ForteBank (11,95 млрд теңге, жалпы 121 млрд теңге) пен Alatau City Bank (10,8 млрд теңге, жалпы 126,6 млрд теңге) түйіндеді.
Айлық серпін
Тамыз айында табыс өсімі бойынша ең жоғары қарқынды «Банк ЦентрКредит» байқатты. Шілде айымен салыстырғанда таза табысы +16,7%-ға өскен. Сондай-ақ ForteBank төртінші орынға көтеріліп, Alatau City Bank-ті басып озды.
Алғашқы бестіктен кейінгі орынға Bank RBK шығып, тамызда банк 6 млрд теңге пайда тапты. Жыл басынан бергі пайдасы 46,9 млрд теңгені құраған. Одан кейін Freedom Bank орналасты, ол ай ішінде 5,5 млрд теңге табыс алған.
Шығынға батқан банктер
Жалпы өсімге қарамастан, бірқатар банктер ай қорытындысында теріс нәтиже көрсетті.
- BNK Commercial Bank шығыны 290 млрд теңге болды;
- «Заман-Банктің» шығыны 378,5 млрд теңгеге жетті
- BNK Commercial Bank шығыны төрт есе өсіп, 397 млн теңгені құраған.
Қазіргі кезде Қазақтанда 23 банк жұмыс істейді. Биыл екі микроқаржы ұйымы банкке айналды. Маусымда BNK Finance Kazakhstan реттеушіден рұқсат алса, ал KMF микроқаржы ұйымы тамызда банк лицензиясын алды.