Уран өндірісі артып келеді: Қазақстан ядролық қауіпсіздік ережелерін күшейтпек

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: ашы дереккөз, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Парламент Мәжілісінде Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев «ТМД елдері арасында радиоактивті материалдарды шекарадан тасымалдау туралы келісімді ратификациялау» заң жобасын таныстырды.

Бұл құжат Қазақстан атом саласы тұрақты дамып, халықаралық рөлі артып отырған кезеңде қаралып жатыр. 2024 жылы ел 23 270 тонна уран өндірді. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен (21 112 тонна) шамамен 10%-ға көп. Нәтижесінде Қазақстанның ядролық саладағы орны бұрынғыдан да маңызды болып отыр.

Алайда өндіріс көлемі артқан сайын тәуекелдер де өсіп барады. Сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз ететін нақты заңдар мен ережелер қажет. Қазақстан тек ірі уран өндіруші ғана емес, сондай-ақ ядролық материалдарды тасымалдауда маңызды транзиттік ел. Сол себепті жүктердің ел аумағы арқылы қауіпсіз өтуін қадағалау өте маңызды.

ТМД аясындағы бұл келісім уәкілетті органдар арасындағы өзара іс-қимылды реттейді. Ол тасымалдау алдында хабарлау мен келісу тәртібін, орау және сүйемелдеу талаптарын енгізеді. Сонымен бірге заңсыз немесе күмәнді әрекеттерді болдырмау үшін ақпарат алмасу жүйесін қарастырады.

«Қазақстан экспорттық әлеуетін арттырып, халықаралық серіктестердің сенімін күшейтіп отыр. Біз жетекші атом державалары сияқты қатаң қауіпсіздік стандарттарына сай екенімізді дәлелдейміз. Бұл шешім тек саланың емес, ұлттық қауіпсіздік пен елдің беделінің де мүддесіне қызмет етеді», — деді Сәтқалиев.

Айта кетерлігі, келісімді жүзеге асыру үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлінбейді. Барлық жұмыс қолданыстағы мемлекеттік органдардың шеңберінде атқарылады.

Сондай-ақ оқыңыз