Тәжірибелі көлік жүргізушілер де шатасатын ТОП-10 жол белгісі

Жарияланды
Жол белгілерін жыл сайын қайталап отыру артық болмас / Фото: kursiv.media архивінен

Қазақстан Республикасының заңнамасында 200-ден аса жол белгісі бар. Олар бірнеше негізгі санатқа бөлінеді. Атап айтқанда, ескерту белгілері, артықшылық, тыйым салу, міндетті, ақпараттық-анықтамалық, қызмет көрсету және қосымша ақпараттық белгілер бар. Бір қарағанда бәрі түсінікті: тақтайшаны көрдің – орындадың. Бірақ жеме-жемге келгенде кейбір белгілер ұқсас немесе екіұшты, оларды тіпті тәжірибелі жүргізушілер де шатастырады.

Бұл ретте Kursiv.media тілшісі алдамшы жол белгілерін шолып шықты.

«Жол бер» және «Тоқтамай өтуге тыйым салынады»

Қызыл сызықты үшбұрыш – «Жол бер» белгісі, онда тек жылдамдықты азайтып, кедергі болса, өткізу жеткілікті. Ал сегізбұрышты «STOP» – міндетті түрде толық тоқтау қажеттігін меңзейді. Жол бос болса да көлікті тоқтату керек. Бұл екі белгінің меңзегені ұқсас болғанымен негізгі мақсаты басқа. Бірі жүргізушіге негізгі жолда келе жатпағанын жеткізсе, екіншісі қауіпті аймақтарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мәселен, «STOP» белгісі көрінуі шектеулі жол қиылыстарында, теміржол өткелдерінің алдында, бақылау-өткізу орындарында (шекара, кеден және т.б.) орнатылады.

«Негізгі жол» және «Қарсы қозғалысқа жол бер»

Сары ромб негізгі жолды білдіреді. Бірақ тар учаскелерде «Қарсы қозғалысқа жол бер» белгісі қойылса, жүргізуші қарсы бағыттағы көлікті өткізуге міндетті. Бұл белгілерді шатастыру қауіпті жағдайға әкеледі.

«Озып өтуге тыйым салынады» және «Жүк көліктеріне озып өтуге тыйым салынады»

Қызыл дөңгелектегі қара және қызыл көліктер – барлық көліктерге озып өтуге тыйым. Ал егер суретте жүк көлігі қызылмен белгіленсе, онда тыйым тек 3,5 тоннадан асатын жүк көліктеріне қатысты. Жеңіл көліктерге рұқсат етіледі.

«Жылдамдықты шектеу» және «Жылдамдық шектеу аймағы»

Шеңбер ішіндегі сан – келесі қиылыста немесе шектеуді алып тастайтын белгіге дейін әрекет етеді. Ал «Аймақ 40» тік төртбұрышты белгісі көшенің басынан аяғына дейін әсер етеді.  Көп жүргізушілер екі белгіні бірдей деп ойлайды.

«Тек тура жүру» және «Тура және оңға»

Көк дөңгелектегі тура көрсеткіш – тек алға жүруге рұқсат. Ал «тура және оңға» белгісі екі бағытқа мүмкіндік береді. Қателік – солға бұрылу, бұл үшін айыппұл салынады.

«Тұрақ» және оның тақташалары

«P» әрпі бар көк белгі бәріне түсінікті сияқты. Бірақ астына көбінесе қосымша тақташалар ілінеді: «мүгедектерге арналған», «жұп/тақ күндерде», «белгілі уақыттан бастап». Көпшілік оларды елемейді де, автоны эвакуатор алып кеткенде ғана сан соғып жатады.

«Тұрғын үй аймағы»

Үй, бала және көлік бейнеленген белгі – жай ғана «аулалық аймақ» емес. Мұнда жылдамдық 20 км/сағ дейін шектеледі, транзиттік қозғалысқа және арнайы орындардан тыс тұраққа тыйым салынады.

«Елдімекеннің басталуы» және «Жылдамдық шектеу аймағы»

Қала атауы бар ақ белгі – тек бағдар емес, сонымен бірге автоматты түрде 60 км/сағ шектеу қояды. Көп жүргізуші оны «аймақ» белгісімен шатастырады.

«Қоғамдық көлік жолағы»

Автобус бейнеленген көк төртбұрыш кейде түсініксіз болып жатады. Мұндайда жеңіл көлікпен жүруге бола ма деген заңды сауал туады. Жауап – егер қосымша тақташа орнатылмаса жеңіл көлікпен жүруге болмайды. Бірақ көптеген жүргізуші бұл «қосымша жолақ» деп ойлайды.

«Фото және бейнебақылау»

Камера суреті – нақты ескерту. Кейбіреулер «бұл шартты белгі, камера болмауы мүмкін» деп ойлайды. Бірақ ол тек стационарлық жүйелер орнатылған жерге қойылады. Оны елемей, заң бұзу айыппұлға әкеледі.

Жол белгілерін дұрыс түсінбеу жүйкеге, айыппұлға ғана емес, апатқа да әкелуі мүмкін. Сондықтан тәжірибелі жүргізушілерге де Жол жүру ережелерін қайталап тұру пайдалы. Өйткені ережелер мен жол сызықтары уақыт өте өзгеріп отырады.

Статистикаға тоқталсақ

Қазақстанда жыл сайын мыңдаған жол-көлік оқиғалары тіркеледі. Ресми мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың алғашқы төрт айында ғана 9 мыңнан астам жол апаты тіркелген. Орта есеппен жыл сайын Қазақстанда шамамен 2 мың адам жол апатынан көз жұмады. Бұл деректер жолдағы жағдайдың әлі де күрделі екенін көрсетеді.

Жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері ішінде жол белгілерін сақтамау ең көп кездесетін құқықбұзушылықтардың бірі болып саналады. Мұндай тәртіп бұзушылықтар жүргізушілер арасында кең тарағанымен, олар ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жол белгілерінің талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 601-бабымен реттеледі. Бұл бапқа сәйкес, бірінші рет бұзған жағдайда 3 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. 2025 жылы бір АЕК көлемі 3 932 теңгені құрайды, яғни жүргізуші шамамен 11 800 теңге төлейді. Егер сол ереже бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұл көлемі 10 АЕК-ке дейін өседі, бұл шамамен 39 300 теңге.

Жалпы алғанда, жол белгілерін сақтамау немесе олардың мағынасын дұрыс түсінбеу тек әкімшілік айыппұлдарға әкеліп қана қоймайды, сонымен бірге жол апаттарының негізгі себептерінің біріне айналып отыр.

Еске сала кетсек, 1 желтоқсаннан кейін көліктерінің дөңгелектерін қысқыға ауыстырмаған жүргізушілер айыппұл арқалайды.  

Сондай-ақ оқыңыз