Банк пен қаржы

Temu мен Apple сынды интернет-компаниялар Қазақстанда 100 млрд теңге салық төледі

Жүздеген интернет-компаниялар Қазақстанда 100 млрд теңге салық төледі / Фото: Shuttertsock

Қазақстанда шетелдік интернет-компаниялар төлеген қосылған құн салығына (ҚҚС) қатысты тексерудің қорытындысы шығарылды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, салық төлеу ережесі енгізілген сәттен бастап бюджетке 111,6 млрд теңге түскен.

«Тек 2025 жылы шетелдік сервистер 41,8 млрд теңге аударды. Бұл былтырғы көрсеткіштен екі есе жоғары.. Төлемдер бойынша көшбасшылар Temu (6,2 млрд теңге), Valve (5,3 млрд) және Apple (5,2 млрд) болды. Жаңадан тіркелген компаниялар қатарында салықты ең көп төлеген Next Retail (283 миллион) және Alibaba.com (142 млн теңге) компаниялары», – делінген МКК хабарламасында.

Қазір еліміздің салық жүйесінде 116 шетелдік платформа тіркелген. 2025 жылы оларға жаңа 18 компания қосылды, оның ішінде OpenAI, Chess.com, Canva және ресейлік Окко бар.

Айта кетейік осыған дейін 1111 кәсіп түрінің 795-і салық жеңілдігін пайдалана алмайтынын жазған едік. Әзірге заң жобасы Ашық НҚА порталында жарияланған.