Жаңалықтар

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өлім жазасын енгізуді тапсырды

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров балаларға және әйелдерге қарсы жасалған қылмыстардың жазасын барынша қатаңдатпақ / Фото: Қырғызстан президентінің әкімшілігі
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров балаларға және әйелдерге қарсы жасалған қылмыстардың жазасын барынша қатаңдатпақ / Фото: Қырғызстан президентінің әкімшілігі

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров балалар мен әйелдерге қарсы жасалған қылмыстарға өлім жазасын енгізуді тапсырды.

24.kg ақпаратына қарағанда, кәмелетке толмаған Айсулуу есімді қызды Қырғызстанда ерекше қатыгездікпен өлтірген. Осы іс Садыр Жапаровтың жеке бақылауына алынды. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Аскат Алагозов хабарлаған.

Айтуынша, президент қоғамды дүр сілкіндірген «бұл қылмыс туралы хабарды терең өкінішпен» қабылдаған.

Жапаров өзінің әкімшілігі жанындағы құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Мурат Укушевке заңнамалық өзгерістерді дайындауды тапсырған. Ондағы мақсат – балаларға, қыздарға және әйелдерге қарсы жасалған қылмыстар үшін жазаны барынша қатаңдату.

Атап айтқанда, балаларды зорлаған, сондай-ақ әйелдерді зорлап өлтіргені үшін өлім жазасын енгізу нормасы қарастырылып жатыр. Садыр Жапаровтың пікірінше, әсіресе балалар мен әйелдерге қарсы жасалған қылмыстар жазасыз қалмауы тиіс.

Еске сала кетейік, 27 қыркүйекте Қаракөл қаласында 2008 жылы туған қыз қаза болған. Оның денесі Жел-Арық ауылы маңынан табылған. Қызды зорлап, тұншықтырып өлтірген. Күдікті бұрын сотталған 1984 жылы туған ер адам Бішкекте ұсталды.

Бұған дейін Жапаров Қырғызстанда кезектен тыс парламент сайлауы өтетін күнді белгілеген еді.