
Президент Тоқаев білім беру саласына жасанды интеллектіні кеңінен енгізу барысында оның қауіп-қатерлерін қаперден шығармауды ескертті.
Тоқаевтың пікірінше, бұл жерде жасанды интеллектіні теріс пиғылда пайдалану секілді этикалық мәселелер бар.
«Нейрожелі берген жауапқа сеніп, оқушылар сыни пайымдау, іздену және сараптау қабілетінен айырылып қалуы мүмкін. ЖИ білім беру үдерісін жетілдіруге тиіс. Бірақ оның іргелі негізін алмастырмауы керек. Сондықтан Үкімет академиялық адалдықты қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қабылдауы қажет», – деді Президент.
Президент еңбек нарығы күн санап өзгеріп жатқанын атап өтті.
«Көптеген кәсіп иелерінің жұмысын енді автоматты жүйе атқаратын болады. Мұндай үрдіс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Бұл бірқатар мамандықтың ескіруіне, яғни көптеген адамның жұмыссыз қалуына әкеп соқтырады. Бұл – аса өзекті мәселе. Осы жұмысты қазірден бастап қолға алмасақ, мұндай үрдістің әлеуметтік салдары ауыр болады», – деді президент.
Оның пікірінше, мұның кесірінен жұмыссыздық белең алып, тұрмыс сапасы төмендеп, әлеуметтік теңсіздік күшеюі мүмкін. Бірақ бұл жерде де жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға болады.
«Мәселен, ақылды технологиялар қызметкерлердің мықты не әлсіз тұстарын айқындап, кәсіби шеберлігін дамыту үшін нақты ұсыныстар бере алады. Мамандарды қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға кең мүмкіндік жасап, күні бұрын әрекет етуге тиіспіз. Бұл ретте тым үлкен қайта даярлау орталықтарын құруға бюджеттен миллиондаған қаржы шығындаудың қажеті жоқ», – деді Тоқаев.
Президент жасанды интеллектінің әлеуетін сауатты қолдануға шақырып отыр. Жұмыссыз қалудың алдында тұрған миллиондаған адамға жаңа мүмкіндік беру – басты мақсат. Басқаша айтсақ, жасанды интеллектінің орасан зор әлеуетін жаңа жұмыс орындарын ашуға, адам капиталын күшейтіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыруға пайдалану керек.
«Үкіметке жасанды интеллект негізінде әзірленген ұлттық онлайн-платформаны іске қосуды тапсырамын. Сол арқылы жұмыссыз қалған мамандарды болашақта сұранысқа ие болатын кәсіпке бейімдеу қажет, – деді Президент.
Сондай-ақ, Тоқаев жасанды интеллект саласында мамандар даярлайтын мамандандырылған зерттеу университетін құруды тапсырды.