
Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің атауына қатысты қазақстандықтардан 20 мыңнан аса ұсыныс түскен. Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев қазір арнайы комиссия оның барлығын сараптап жатқанын айтты.
«Осы уақытқа дейін 20 мыңнан астам ұсыныс түсті. Біз алдын-ала талдау жүргізіп, негізгі үш топқа бөлдік. Біріншісі – географиялық атаулар. Балқаш, Іле, Үлкен немесе Мойынқұм АЭС-і деп атауды ұсынған. Ал екінші топ тарихи тұлғаларға байланысты. Қазақстан Республикасындағы саяси, ғылыми қайраткерлердің есімі бар. Аталған станцияға академик Чокиннің, Батуровтың, Абайдың, Қаныш Сәтпаевтың есімін беруді ұсынған. Бұл да қаралып жатыр», – деп түсіндірді ол.
Ал үшінші топ техникалық, энергетикалық құрылымдарға байланысты негізгі терминдерден жинақталған. Олардың арасында жарық, қуат, бейбіт атом, энергия, энерго деген сияқты атаулар бар.
Сәтқалиевтің сөзінше, елдегі алғашқы АЭС-тің атауын анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. Олардың құрамында этнографтар да, тарихшылар да, уран саласының өкілдері, қоғамдық пікір жетекшілері де бар.
«Қазақстандықтардан толық ұсыныстарын жинап болған соң толық сараптап, қорытындысын шығарамыз», – деді Сәтқалиев.
25 қыркүйекте елде алғашқы Атом электр станциясы (АЭС) атауына байланысты байқау басталды. Ол 10 қазанға дейін созылады. Ұсыныстар eGov Mobile қосымшасында қабылданады.