Жаңалықтар

ІІМ матчқа билет сатқан Еспанов пен Майғазиевтің ұлдарын тексере ме

«Кайрат» так и не нашел противоядия против Килиана Мбаппе и компании
«Қайрат» – «Реал Мадрид» матчынан көрініс /фото: kursiv.media

«Қайрат» – «Реал Мадрид» матчына билеттерді 4-5 есе бағамен сатқан алып-сатарлар да, ойынға кіре алмай қалған жанкүйерлер де болды. Бірақ ІІМ ондай жағдайларды естімеген, ешқандай шағым түспеген.

«Аталған ақпаратты сізден естіп тұрмын. Біз тексеру жүргізуге дайынбыз, ол үшін бізге арыз түсуі керек. Соған қарай міндетті түрде тексеріс жүргізіп, процесуалдық шешім қабылдаймыз», – деді журналистерге ІІМ орынбасары Санжар Әділов.

Ол матч жоғары деңгейде өтті, қауіпсіздік жағынан ешбір кемшілік болған жоқ деп есептейді.

«Жоғары деңгейде өті, қауіпсіздік шаралары қабылданды. Меніңше, біздің тарапымыздан ешқандай кемшіліктер болған жоқ. Қоғамдық тәртіпті жоғары деңгейде қамтамасыз етіп, жоғары деңгейде атқарылды», – деді ІІМ өкілі.

«Билетсіз кіргендер көп болды»

Бірақ ойынды көруге барғандар жағдай мүлде басқаша болғанын айтады. Билет алған жанкүйерлердің көпшілігі алаң сыртында қалып, олардың орнына билетсіз адамдар кіріп кеткен. Бұл жайлы депутат Бақытжан Базарбек те жазды.

«Стадионға кіргізу жүйесінің ұйымдастырылуы бес балдық шкала бойынша мүлде сын көтермейді. Билет алған жанкүйерлер ішке өте алмады: қысым, қалың кезек, арасында балалар да бар. Өте нашар ұйымдастырылды, ІІМ, әскери күш сол жерде тұрса да, олар іс жүзінде ешқандай көмек көрсетпей, жанкүйерлерді кіргізу процесіне қатыспай жай ғана бақылап тұрды. Ұйымдастырушылар кезекте билетсіз адамдар көп болды деп ақталды. Алайда қарапайым әдіс қолдануға болатын еді. Дауыс күшейткіш арқылы хабарлап, билеті бар жанкүйерлерден қолдарын көтеруді сұрап, алдымен соларды кіргізсе ше?», – деді ол фейсбуктегі парақшасында.

Ұйымдастырушылар әр адамға екі билеттен артық сатылмайды дегенмен, он-жиырма шақты билет алып, оны бірнеше есе қымбатқа сатқандар да табылды. Танымал әнші Нұрлан Еспановтың ұлы Олжас Еспанов инстаграм парақшасында 400-700 мың теңге аралығында 20 билет сатты. Оның арасында «Қайрат» клубы қызметкерлеріне тегін берілген билеттер де бар.

Бірақ ол билетті өзі сатпағанын, тек парақшасында жарнамалап бергенін айтып ақталды.