
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев елдегі мақтаны шығынсыз жинап алу үшін 10 күнге төтенше жағдай жариялады. Бұл жайлы Gazeta.uz басылымы жазады.
Биыл елде 875 мың гектар жерге мақта егілген, бірақ оны жинап алу қарқыны төмен. Сурхандария, Хорезм, Ферғана және Әндіжан облыстарындағы көрсеткіштер қанағаттанарлық деп танылса, Самарқанд, Сырдария және Навои облыстарындағы жағдай әлі де қанағаттанарлықсыз. Жинауға 900-ден астам техника тартылған, фермерлерге жанармай мен тыңайтқыш жеңілдікпен беріліп отыр.
Ауыл шаруашылығын қолдау қоры департаментінің директоры Абдурашид Исроиловтың айтуынша, биыл қытайлық мақта сорттары егілген. Сол егінді шығынсыз жинау үшін төтенше жағдай жарияланып отыр. Жұмысшыларға күн сайын қолма-қол ақша төлеу жүйесі енгізіледі, техникалардың жұмысы да күн сайын өтеледі. Бұған жеткілікті қаражат бар және банктермен бірлесіп, фермерлерге төлемдер тікелей егіс алқабында беріледі.
Өзбекстан ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, техникамен жиналған 1 келі мақтаға 1373 сум (шамамен 61 теңге) белгіленген. Ал қолмен жиналса, бір келісіне 2000 сум (шамамен 89 теңге) төлейді. Ал мақтаны өсіруге кеткен шығынды толтыру үшін мақтаның әр келісіне 1000 сум (44 теңге) көлемінде субсидия қарастырылған.