
Оңтүсті Кореяда АЭС топ-менеджерлері атом станциясы жанында тұруға міндетті, Қазақстанда да осындай тәжірибе бола ма? Бүгін журналистер Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевке осындай сұрақ қойды.
«Иә, әрине.. Ереже бойынша, атом станциясы басшылығы сол жерде тұруға міндетті. Агенттік жетекшісі ретінде біз де үнемі сол жерде боламыз», – деп жауап қатты ол.
Сәтқалиевтің түсіндіруінше, атом станциясы жанында екі мың адамға дейін тұра алатын қалашық салынады.
«Атом станциясы – жергілікті қалалық агломерацияның өсу нүктесі деп саналады. Атом станцияларының айналасында қонақүй, мейрамхана, туристік бизнес дамиды. Колледжер, оқу орталықтары салынады. Персоналдың біліктілігін арттыру орталығы ашылады. АЭС-тің жанында үлкен техникалық құрылғыларға қызмет көрсететін сервистік, логистикалық компаниялар орналасады», – деп атап өтті агенттік төрағасы.
Қазақстандағы алғашқы атом станциясы Балқаш жағалауындағы Үлкен ауылында салынады. Оны Абай, Қаныш Сәтпаевтың есімімен немесе Балқаш, Мойынқұм деп атауы мүмкін.